Жарыстың алғашқы күнінде шаршы алаңға көтерілген 57 кило салмақтағы бұрымды боксшы Дәметкен Келімбет Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері қытайлық Йинь Дзиньхуадан жеңіліп қалды. Сондай-ақ 60 килода Қазақстан чемпионы атанған Римма Волосенко да қарсыласына есе жіберді. Отандасымыз алғашқы іріктеу кезеңінде үндістандық Симранджиткаур Баатпен жұдырықтасқан-ды. Осылайша, жарысты бастаған екі боксшымыз Олимпиада жолдамасынан қағылды.
Ал кеше қыздардың есесін жігіттер қайтарды. 63 килодағы қандасымыз Зәкір Сафиуллин қытайлық Жанг Шаннан ұпай саны бойынша басым түсіп, екінші айналымға жолдама алды. Отандасымыз жартылай финалға шығу үшін Иран өкілі Ашкан Резаеймен бақ сынасады. Ал 81 килодағы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов Жаңа Зеландия спортшысы Жером Помпеллонені айқын басымдықпен жеңді.