Аймақтар • 06 Наурыз, 2020

Ақтөбеде куәліксіз көлік басқарған 10 жүргізуші анықталды

311 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында жол ережелерін бұзудың алдын алуға бағытталған іс-шара өтіп жатыр. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Ақтөбеде куәліксіз көлік басқарған 10 жүргізуші анықталды

Жедел профилактикалық іс-шара «Көлік құралын басқару құқығынан айырылған» деп аталады.

Бүгін соңғы күн – жол сақшылары жүргізушілердің жолдағы тәртібін бақылап, түрлі апаттардың алдын алады, көлікті жүргізуші куәлігінсіз тізгіндеп жүргендердің жолын кеседі. Профилактикалық шара осы жұмыстарға бағытталған.

Ресми дерек бойынша, бүгінгі таңда Ақтөбе облысында 278 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Солардың ішіндегі 10 адамды Ақтөбе қаласы Полиция басқармасының батальоны бір тәулік ішінде анықтап, қолға түсірді. Олардың бәрі де машина басқару құқығынан айырылса да емін-еркін қала көшелерінде көлік тізгіндеп жүр. 

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес, көлік құралын заңсыз басқарған адам 50 айлық есептік көрсеткішпен айыппұл төлейді немесе 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынады. Бұл бап сотпен қаралады.