Қоғам • 06 Наурыз, 2020

Қаңғыбастық қатерге ұрындыруы мүмкін

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

СҚО-да жыл басынан бері түнгі уақытта көше кезген балалардың 362 ата-анасы жауапкершілікке тартылды. Тек, бір түнде ғана жүргізілген рейдте көше кезіп жүрген үш бала анықталды.

Қаңғыбастық қатерге ұрындыруы мүмкін

Полицейлер кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын-алу бойынша жалпы саны 69 рейд өткізген. Нәтижесінде полиция есебіне 28 жасөспірім алынған. Көктемгі мерекелер қарсаңында аталған жұмыс жандандырылуда. Рейд барысында ювеналдық полиция көшелер, аулалар, дәмханалар мен компьютер клубтарын тексереді.

Кезбе балалардың ата-аналары полицияға шақыртылып, профилактикалық әңгіме жүргізіледі. Бірінші ретке ескертумен шектеледі. Егер бір жыл ішінде жасөспірім қайта ұсталса, заңды өкіліне әкімшілік кодекстің талабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 7 айлық есептік көрсеткіш түріндегі айыппұл салынады. Бұл туралы қалалық Полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Эльмира Абушева айтты: «Рейдтер барысында кәмелетке толмағандар анықталған жағдайда – ата-аналары шақыртылып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 442-бабы бойынша ескерту түріндегі жазаға тартылады. Ал бір жылда екінші рет қайталанса, жоғарыда айтқанымдай 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады», деді ол.

Жыл басынан жұмыстың аталған желісі бойынша 609 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылып, оның ішінде балаларының түнгі уақытта үйден тыс жерде және көңіл-көтеру орындарында жүргені үшін 362 ата-анаға айыппұл салынған. Ювеналдық полиция рейдтерден басқа, тәрбиесі қиын балалардың ата-аналарын да ұдайы тексеріп отырады. Жыл басынан балаларын тиісті тәрбиелемегені үшін 162 ата-ана жауапкершілікке тартылыпты. Қазіргі уақытта облыс бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіліп тұратын 224 тұрмысы қолайсыз ата-ана есебінде тұр екен.

 

ПЕТРОПАВЛ