
Әлемнің екі дүркін чемпионы, Лондон Олимпиадасының жеңімпазы ауыр атлет Майя Манеза тамыздың 20-сы күні Алматыдағы перзентханалардың бірінде ұл туды. Бұл туралы оның зайыбы Вячеслав Ершовтың дерегіне сүйенген Vesti.kz хабарлады.
Толғақ бүгін таңертең басталған. Бөбектің бойы 50 сантиметр де, салмағы тура 3 кило болып шыққан. Жұбайлар нәрестеге Арсений деген ат берді.
«Толғақ жақсы өтті. Майя өзін жақсы сезінеді. Біз бақыттымыз!», - деді В.Ершов.
Майя Манеза 2007 жылдан бері Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп келеді. Ол 2009 және 2010 жылдары 53 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ 2010 жылы Азия ойындарын ұтып алды. 2011 жылы Парижде әлемнің күміс медалін қанағат тұтты. Ал 2012 жылы Лондонда топ жарды.
Үстіміздегі жылғы сәуір айында Манеза ауыр атлет Вячеслав Ершовқа тұрмысқа шықты. Слава 2006 жылы Азия ойындарының чемпионы болған.
Руслан Игілік.