Аймақтар • 09 Наурыз, 2020

Түркістанда жаңа су құбыры жүйесі маусымда іске қосылуы тиіс

209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында бой көтеріп жатқан ғимараттарға сапалы ауызсу жеткізу мақсатында заманауи су қоры жүйесінің құрылысы жүргізілуде.

Түркістанда жаңа су құбыры жүйесі маусымда іске қосылуы тиіс

Жоспар бойынша жаңа су құбырының құрылысы алдағы маусым айында аяқталып, толығымен іске қосылуы тиіс. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев құрылыс жұмыстарын бақылап, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың жұмысын қадағалаған облыс әкімі «Арыс-Түркістан» арнасынан бастау алатын ирригациялақ су арнасының құрылыс басында болды. Канал суынан шаһардағы саябақтар мен гүлзарлар, жол бойын жайқалтқан жасыл желек пен егістік алқаптар суарылады. Ұзындығы 3,6 шақырымға созылған су арнасы толығымен бетондалған. Айналасына аяқжолдар мен веложол төселуде. Жағалауын жарықтандырып, орындықтар орнату жұмыстары жалғаспақ. Ал жаңа «Түркістан» индустриалды аймағында орналасқан әкімшілік-тұрмыстық кешенінің ішкі және сыртқы құрылыс жұмыстарының 90 пайызы орындалған. Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кешенді абаттандыру мен әрлеу жұмыстары бір ай көлемінде аяқталады. Әкімшілік-тұрмыстық кешеннің бірінші қабатында көрме орталығы ашылады. Одан бөлек, мәжіліс залы мен «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін орталық орналасады. Ауласында салынған футбол алаңы мен теннис корты да жақын арада пайдалуға берілмек. Ерекше дизайнде салынған жаңа орталықта кеңсе, өндірістік алаңымен қатар кәсіпорындар өздерінің құрал-жабдықтарымен келіп жұмыс орындарына жайғасуына мүмкіндік жасалған дайын жайлардың құрылысы жүргізілуде. Әлемдік тәжірибеге сай жұмыс жайлары кәсіпкерлерге жеңілдетілген жалдау ақысымен беріледі. Мұндай дайын жайлардың алғашқысыннаурыз айының соңында ашу жоспарланған. Екінші өндірістік ғимарат сәуір айының соңында пайдалануға берілмек.