Өз елімізде өткен бәсекеде жерлестеріміз Қызғалдақтар елінен келген спортшыларды мерзімінен бұрын жеңіп, қараша айында Мадридте (Испания) өтетін Дэвис кубогының финалдық сайысына жолдама алды. Бір қызығы, Қазақстан мен Нидерланд құрамалары Дэвис кубогының былтырғы финалдық кезеңінде бір топта ойнаған болатын. Сол кезде де жерлестеріміз қарсыластарынан басым түскен еді. Екі команда арасындағы тартыс 2:1 есебімен аяқталған-ды. Жекелей сында Михаил Кукушкин Ботик ван де Зандшульпті ұтса, Александр Бублик Робин Хаасеге есе жіберді. Ал жұптық бәсекеде біздің жігіттер қарсыластарының уысынан жеңісті жұлып әкетті. Алайда айтулы команданың екеуі де шешуші тұста Ұлыбританияға жол беріп, ширек финалға шыға алмаған болатын.
Елордада өткен бәсекеде жігіттеріміз еш қиындықсыз жеңіске жеткенімен, турнир біздің спортшылар үшін аса сәтті бастала қойған жоқ. Бір күн бұрынғы жеребе тарту рәсімі өтіп, жарыстың шымылдығын ашу Михаил Кукушкин мен Робин Хаасеге бұйырды. Жалпы, Хаасе қазақ теннисшілері үшін өте ыңғайсыз қарсылас. Дэвис кубогының былтырғы финалдық бәсекесінде дәл осы теннисші біздің Александр Бубликті жеңіп кеткен болатын. Бұл жолы да Нидерланд спортшысы Михаил Кукушкинді қапы қалдырды. Тартысқа толы өткен кездесуде Робин Хаасе 4:6, 7;6, 3:6 есебімен жеңіске жетті.
Кукушкиннен кейін кортқа шыққан Александр Бублик жанкүйерлердің және құрамадағы жігіттердің жеңіске деген сенімін оятты. Дегенмен отандасымыз жеңіс үшін кортта біраз тер төгуге тура келді. Әлемдік рейтингте 199-сатыға табан тіреген Грикспур Қазақстанға жеңіс үшін келгенін анық аңғартып, жерлесімізге біраз қарсылық көрсеткенін айта кетейік. Бублик 23 жастағы қарсыласы Таллон Грикспурді екі сетте 7:6, 7:6 есебімен жеңіп, таразы басын теңестірді.
Екінші жарыс күніндегі жұптық бәсекеде Андрей Голубев пен Александр Недовесов тандеміне Жан-Жульен Ройер мен Робин Хаасе еш қарсылық көрсете алмады. Екі сетке созылған бәсекеде жерлестеріміз 6:3, 6:3 нәтижесімен басым түсті. Жалпы есепте алға шыққаннан кейін бар үміт еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бубликке артылды. Өйткені Бублик жеңіске жететін болса, жерлестеріміз мерзімінен бұрын Мадрид жолдамасын иеленеді. Егер тең түссе, мәселені соңғы кездесуде шешуге тура келеді.
Осындай жауапкершілікті арқалаған Александр Бубликтің жеңілуге хақысы жоқ еді. Оның үстіне қарсыласы – Робин Хаасе. Былтыр кеткен есені қайтаруға тамаша мүмкіндік. Және Бублик ол мүмкіндігін қолдан берген жоқ. Бірінші сетте отандасымыз аздаған басымдықпен, яғни 7:6 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте қарқынына қарқын қосып, қарсыласын 6:1 есебімен шаң қаптырып, Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады.
Нидерланд құрмасын 3:1 есебімен жеңген жерлестеріміз екінші жыл қатарынан Дэвис кубогының финалдық кезеңінде ойнауға мүмкіндік алды.