Спорт • 10 Наурыз, 2020

Қазақ боксшылары Олимпиадаға жолдама алды

951 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық боксшы Олимпиаданың жетінші жолдамасын жеңіп алды. Бұл туралы Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақ боксшылары Олимпиадаға жолдама алды

57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық боксшы Серік Теміржанов ширек финалда ирандық Даниал Шахбахты мерзімінен бұрын ұтып, Токио Олимпиадасна жолдаманы жеңіп алды. Осылайша Ғалымбек Кенжебаев Иорданияның Амман қаласына сенім артып алып барған 8 салмақтан 8 боксшының жетеуі Токио Олимпиадасына жолдаманы жеңіп алды.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін бокстан ұлттық құраманың боксшыларынан 69 келі салмақта Абылайхан Жүсіпов, 81 келі салмақта Бекзат Нұрдәулетов, 91 келі салмақта Василий Левит, 75 келі салмақта Әбілхан Аманқұл, аса ауыр салмақта (+91) ел намысын қорғап жатқан Қамшыбек Қоңқабаев және 63 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық боксшы Зәкір Сафиуллин Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған болатын.

Міне, жетінші боксшы болып, Серік Теміржанов та Токиоға лицензия ұтып алды.

Қазақ боксшылары арасынан тек қана 52 келіге дейінгі салмақтағы Сәкен Бибосынов ширек финалда Қытайлық қарсыласына жол беріп, Олимпиада лицензиясынан тыс қалды.

Сондай-ақ әйелдер боксынан 75 келіде ел намысын қорғаған Надежда Рябец аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирінде Қазақстан әйелдер командасынан жалғыз жолдамаға иелік етті.

Сонымен қазақ боксшылары аталған олимпиадалық іріктеу турнирінен ерлер арасында 7, әйелдер боксынан 1, жалпы 8 жолдама жеңіп алды.