Ғабит Мүсірепов ауданы 1997 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Рузаев, Куйбышев және Чистополье аудандарының қосылғанынан құралған. 2002 жылы қазақтың классик жазушысы Ғ.Мүсіреповтің туғанына 100 жыл толуына орай оған жазушының аты берілген. Оған дейін «Целинный» деп аталатын. Шынында осы аумаққа тыңгерлер көп келген. Ауыл-селолардың атауында олардың іздері сайрап жатыр. (Ставрополье, Целинный, Червонный, т.т.). Аудан орталығы Новоишимка Қызылжардан 270 шақырымдай жерде.
Тұрғындардың негізгі бөлігі орыстілділер болғандықтан орыс тілі де ойқастап тұр екен. Аудандағы 43 мектептің жетеуі ғана қазақша және 2-3 аралас мектеп бар. 42 мыңдай халықтың арасында қазақтардың үлесі енді ғана үштің біріне жетіпті. Атын алғанымен ауданда Ғ.Мүсіреповке не алаң, не көше аты берілмеген, ескерткіш түгілі әлі бір бюст те қойылмапты. Оның бәрін алдымызда келе жатқан 120 жылдығына жоспарға енгіземіз деген сөздер айтылды. Аудан әкімі Ағзам Тастеміровтің өте іскер жан екенін білетінбіз. Ол бұған дейін Ақжар ауданында әкім болған. Ең бастысы, адамгершілігі зор, қазақы азамат, мұнда әкім болып келгеніне әлі бір жылға толмаған екен.
Аудан аумағында қазақтың атақты биі әрі шешені Тоқсан би өмір сүрген. Тың көтеру жылдарында «Западное» деген село түскен жер Тоқсан бидің қыстауы. Өзінің қабірі де сол жерде жатыр. Осындайда «жақсының артында із қалады» деген тәмсіл аузыңа еріксіз оралады. Солтүстік Қазақстанда ұзақ жыл бойы облыстық соттың төрағасы болған білікті азамат, алымды да білімді тұлға Бекет Тұрғараев Тоқсан биді зерттеген «Асыл мұра» орталығының ізденушілері Социал Жұмабаев пен Қайролла Мұқанов ақсақалдардың бастамасын қолдап, бидің қадірін, ұрпаққа үлгі боларлық ісін тереңнен танып, оның басын көтерткізіп, ауылдың атын, Қызылжарда көше атын да бергізіп кеткен еді. Қалай риза болмассың? Тек қана қалтасы мен қамбасын толтыруды ойлайтын қазіргі көптеген шенеунік осындайдан үлгі алса, қанеки...
Аудан аумағында туған тағы бір атақты тұлға – мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков. Сөйлескен адамдарымыз оның есімін құрметпен еске алып жатты. Осындай тұлғалардың есімдерін ардақтай білсе ауданның рухани жаңғыруына үлес қосары сөзсіз.
Аудан экономикасының қуаттылығын арттырып тұрған бірнеше ауылшаруашылық құрылым. Олардың жоғары табысының басты ерекшелігі – сырттан келген инвестордың күшімен емес, бұрынғы кеңестік құрылымдарды ұстап қалып, дамытудың арқасында қол жеткізілген. Бұл ауданның халқының тұрмысы жақсы, бай тұрады деген әңгіме де берік қалыптасқан.
Қуаттылығы жоғары ауыл шаруашылығы құрылымдары аудандағы әлеуметтік мәселелердің шешілуіне белсене қатысады екен. Біз сондай меценат кәсіпорындардың бірі «Целинный» ЖШС-ге жол тарттық.
«Целинный» ауылында
Атынан белгілі болып тұрғанындай бұл ауыл тың көтеру жылдарында түскен. Аудан орталығынан 100 шақырымдай жерде, облыстың ең батыс шеті. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарға дейін «Целинный» кеңшары болған. Осыдан тура 25 жыл бұрын оны басқаруға жас директор Серік Ыбыраев тағайындалады. Бұл кеңшарларды жаппай таратыңдар, оның орнына бірнеше фермар құрыңдар деген талаптың кезі болатын. «30 мың гектар жері бар кеңшардың таратылмағаны қалай, күні ертең жер пайы мен мүлік пайының есебіне кеңшарды тарат» деп аудан басшылары директорға дігерді салып отырады. Оған да көнбеген соң сол кездегі аудан басшылығы өздері келіп, халықпен жиналыс өткізіп, өкіметтің саясаты шағын фермерлер құру екенін, оның тиімді болатынын түсіндіреді. Сонда жас директор орнынан тұрып, «тарат десеңіздер таратып-ақ жібереміз, бірақ олай етсек егін де еге алмаймыз, мал да өсіре алмаймыз, біздің күшіміз - бірлікте», дейді. Оның сөзін ауылдың білікті кісілері қолдап, ауылды таратпаймыз деген шешім қабылдайды. Ауданнан келгендер кеңшарды тарата алмағандарына ыза болып, күшке сала бастаған екен, директор: «сіздер өздерің шешіңдер деген жоқ па едіңіздер, енді біздің шешімімізді неге бұзғыларыңыз келеді» дегенде аналардың аузына құм құйылып, келген іздерімен кері кетеді.
Содан бері бұрынғы «Целинный» кеңшары өздігінен өмір сүріп келеді. Директоры Серік Ыбыраев 3-4 жылдай Жамбыл ауданына әкім болған соң құрған шаруашылығына қайта оралған. Әрине, алғашқы дағдарыс жылдарында оңай болған жоқ. Қарыздың есебіне көп мал кетті. Бірақ директордың жанкештілігі мен іскерлігінің арқасында шаруашылық шашырап кетпей орнында аман қалған. Еңбек ақталып, былтыр Серік Кенжетайұлы «Құрмет» орденін де алды.
2004 жылы шаруашылық «Целинное-2004» ЖШС болып қайта құрылған. Барлық халықтың жерді пайдалану құқығын біріктіріп, басқа құрылым саналса да оның экономикалық қуаты құлдырамаған. Содан бері шаруашылық жаңадан жүздеген техника алған. Бізді машина-трактор паркына апарған директор 16 бельгиялық «Ньюхолонд» комбайнын көрсетіп, осылар неше ораққа қатысты деп ойлайсыздар деді. Түрлеріне қарап көп болса бес рет қатысқан шығар десек, олар 23 рет қатысқан екен... Қожайын оларды күтіп-баптап ұстатып, орақтан кейін жылы боксқа енгізіп қоятын көрінеді. Осындай күтім көрген техникалар жаңадан кем емес, жарқырап тұр. Осы бокста бұлардан басқа америкалық 570 ат күші бар 9 «Челленджер» тракторы, екі «Вектор» комбайны да тұр. Дәл осындай тағы екі гаражды көрдік. Олардағы «Морис», «Бурго», «Джон-Дир» сияқты кешендердің бәрі, сол сияқты 23 «Кировец», 10 «МТЗ» т.б. да күтімді қолды көруде.
Серіктестікте барлығы 3,5 млрд теңгенің техникасы шоғырланған. Слесарь, токарь мамандары ғана емес механизаторлардың бәрі қазір көктемгі егіске техника дайындауда екен. Токарь Виктор Москаловтан еңбекақыңыз қанша десек, қаңтар айында 370 мың теңге алыпты. Ал механизатор Олег Белоусов үйінің орталық жылуға қосылғанын, судың да жеткізілгенін айтып, маған ешқандай қаланың да керегі жоқ деді.
Қазір ЖШС-да 36244 га жер бар, 2020 жылы соның 5896 га зығыр, 2453 га бидайдың қатты, 13556 га жұмсақ сұрыптарын, 5087 га арпа және т.б егуді жоспарлап отырған көрінеді. Былтыр астықтан гектарынан 14,5 центнерден өнім алған екен. Қасиетті қара жерге де демалыс беріп, биыл 7 мың гектардай жерді парға қалдырғалы отыр.
Қазір астық тұқымдары да толық тазаланып, 7 қоймада сақталып тұр. Оларды тазалап, сұрып сапасын арттыратын техникалары сақадай сай. Осында бір қызық жайдың да куәсі болдық. Ол - ескі КамАЗ-дарды жинастырып, керегінше жаңа бөлшектер салып, құрастырып шығаратын төрт шебер жұмыс істейтін шағын цех. Шеберлер арнаулы мамандар емес, ертең осы КамАЗ-дармен жүретін жүргізушілердің өзі. Олар өздерінің темір тұлпарларын өз қолдарымен жинап шығатын көрінеді. «Осылай жинап шыққан КамАЗ-дардың шығыны 4-5 млн теңге ғана, ал жаңасын алсақ 25 млн теңгеміз кетер еді. Оның үстіне қазіргі жаңаларының көбі сапасыз» дейді директордың орынбасары М.Ғадулов. Осыған дейін 4 КамАЗ-ды дайын қылыпты, қазір де төртеуін жинап жатқан көрінеді.
Қолдау көрген, қорғау көрген халық
Мұнда көшіп кетушілер жоқтың қасы, жұмыс күші толық. Әрине, жұмысшы кәсіптерінің мамандар жағы жетіңкіремейді. Әсіресе, токарь, слесарь сияқты мамандар азайып қалған. Қазіргілер жасамыс адамдар, ертең зейнетке кетсе орнын басатындарды таба алмай қаламыз ба деп алаңдаймыз дейді директордың тағы бір орынбасары Анатолий Талебин.
Осы ауылда 200-ден артық түтін болса соның 70 пайызы орталық жылу қазандығына қосылған екен. Ал қазандықты жылытуға сабан пайдаланылады. Бұрын бір қысқа 30 мың тонна көмір алатын болса қазір шаруашылық толықтай өздерінің сабанымен жылытылады. Бұл әрі үнемді, әрі экологиялық жағынан таза. Ауылдың үстінен иісі бұрқырап, көмірдің қара түтіні көтеріліп жатпайды.
Таза ауыз су да ауыл үйлеріне толық жеткізілген. Оның өзін тереңнен, өздерінің аспаптары арқылы соратын көрінеді. Сапасы өте жоғары екендігін сараптама көрсетіп беріпті. Енді ауылға тасымалмен газ да келіп жатқан көрінеді. Шаруашылық басшысы оның цистернасын да орнатып қойыпты. Ауылдың барлық техникасын газға көшіруді мақсат етудеміз дейді басшы.
Осы ауылды аралағанда ең есте қалатын орын наубайхана десек артық айтқандық емес. Күмпиген қызыл күрең бөлкелер адамның тәбетін ашып жібереді екен. Қанша тойып тұрсаң да иісі бұрқыраған, дәмі балдай жарықтықты бір сындырмай кете алмайсың. Серіктестік оны күніне 400-500 дана пісіріп, ауылдастарына 60 теңгеден сатып жатыр.
ЖШС биыл мектепті жөндеп, терезелерін де ауыстырып беріпті. Оқушыларға бір мезгіл берілетін ыстық тамақтың шығынын да өздері көтеріп отыр. Былтырғы оқу жылында бұл шығын 3 млн теңгенің көлемінде болса, биыл ол көбірек болатынға ұқсайды. Сонымен бірге шаруашылық директоры өзінің бастамасымен қазақ тілін жақсы білу бойынша «үздік сынып», «үздік оқушы» номинацияларына конкурс жариялапты. Оқу жылының аяғында жеңімпаздарды еліміздің қалаларына экскурсияға апарады екен. Сол сияқты балабақшаның барлық шығынын мойындарына алған, ата-аналар айына тек 3 мың теңгеден ғана төлейтін көрінеді.
Серіктестік пайға астық берумен қатар материалдық көмек ретінде өз жұмысшыларына 13,8 млн теңгенің жем-шөбін жинап берген. «Барлығы 743 тонна шөп, 195 тонна сабанды әр үйге үйіп бердік» дейді А.Талебин. Бұдан басқа жұмысшылардың тегін тамақтануына 3,8 млн теңге жұмсаған екен. 2019 жылы жалпы көлемі 245 млн теңгенің еңбекақысы төленген. Мемлекетке барлық салықты уақтылы төлегендігі үшін 8 млн теңгеге жеңілдік те жасалыпты. Орташа еңбекақы көлемі 120,5 мың теңге. Бізді бастап жүрген «Ауыл» партиясы облыстық филиалының басшысы Темірғали Әбілмәжінов мұндайдың Кеңес одағы жылдарында да жасалмағанын айтып, «мынау коммунизм дегеніңнің өзі ғой» деп жатты.
Бізбен әңгімелескен шаруашылық басшыларының сөзінің шындығына көзімізді жете түсіру мақсатымен бірнеше тұрғынның үйіне бас сұқтық. Алдымен мектеп мұғалімі, Ауған соғысына қатысқан, түбі талдықорғандық Ерлан Есенбаевтың үйіне бұрылған едік. Ол шаруашылық басшысына алғыстан басқа айтары жоқ екенін жеткізді. Енді ше... Отын жақпайды, су тасымайды. «Аристон» орнатып, ыстық су да ағызып отыр. Санузел де іште, қаланың жайлы пәтерінде тұратын сияқты. Септикті айына бір-ақ рет сорғызатын көрінеді. Оның үстіне қорадағы екі-үш қарасының да жем-шөбін серіктестік тегін берген. Сол сияқты жалғыз тұратын Нина Капалина әжейге де соқтық. Ол да Ерланның айтқанын қайталады. «Біздікіндей арзан әрі дәмді нан ешқайда жоқ шығар. Өзі күмпиген үлкен, жергілікті ұннан ешқандай қоспасыз пісіріледі» дейді кезінде Көкшетаудың Зеренді ауданында өсіп, қазақ тілін үйренген кейуана.
«Целинный» ЖШС бұрынғы кеңшардың поштасын, клубын, кітапханасын да сақтап қалған. Тіпті бес бірдей қоғамдық монша да түтінін түзу ұшырып, келушілерді тосып отыр. Бағасы да су тегін...
Бәрі жақсы екен, алайда сіздерде де бір проблемалар бар шығар-ау деген «Ауыл» партиясы филиалының төрағасы Темірғали Әбілмәжіновтің сұрағына Серік Ыбыраев мемлекеттің қолдау бағдарламаларындағы олқылықтар туралы айтты. Олардың мақсаты тамаша, бірақ соларды орындаудың тетіктеріне келгенде ауыл спецификасын білмейтін мамандар дайындайтыны көрініп қалады. Әсіресе, қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы деген мәселе кейде тіпті орынсыз болып, іске қолбайлау болып жүр. Мәселен, мен асыл тұқымды малдарды сатып алсам оларды жеткізу шығындары да сол, бөлінетін несиеге енуі керек қой. Ал несиенің бұл шығындары мақсатсыз жұмсалған деп бізге айыппұл салады деді ол күрсініп. «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Т.Әбілмәжінов оның айтқан осындай проблемаларын жазып алып: «Біз осы мәселелердің дұрыс шешілуіне ұйытқы болуды өзіміздің алдымызға мақсат етіп отырмыз. Ертең парламенттік партия болсақ, оларды биік мінберге шығарамыз. Сондықтан да сіздердің проблемаларыңызды зерттеудеміз» деді.
Солтүстік Қазақстан облысы