21 Тамыз, 2013

Украина елшісін қабылдады

306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Украинаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Олег Дёминді оның Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдады.

Кеше Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Украинаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Олег Дёминді оның Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдады.

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде екіжақты қарым-қатынастардың тереңдеуіне айтарлықтай үлес қосқаны үшін украин дип­ломатына ризашылығын біл­дірді. Осы ретте М.Тәжин Ук­раинаның ЕҚЫҰ-дағы төр­ағалығымен құттықтай отырып, Астана декларациясының ережелерін, оның ішінде Еуро­атлантикалық және Еуразия­лық қоғамдастықтың қауіп­сіздігін жүзеге асыруға барынша жәрдемдесуге Қазақ­стан­ның дайын екенін жеткізді. Мем­лекеттік хатшы Украина елшісін оның Қытай Халық Рес­публикасына елшілік қызметке та­ғайындалуымен құттықтай келіп, жаңа жұмысына сәттілік тіледі.

Елімізде үш жыл қатарынан елшілік қызмет атқарған О.Демин екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуында Қазақстан Президентінің қосқан үлесін ерекше атай келіп, украиндықтар Н.Назарбаевты «жақын адам» ретінде танитындықтарын да жеткізді. Және елші Қазақстандағы қызметі барысында сауда-экономикалық және мә­дени-гуманитарлық салалардағы ынты­мақтастықты дамытуда жемісті жұмыс­тар атқарылғандығымен бөлісті. Сондай-ақ, ол Қазақстан мен Украи­на арасындағы мемлекетаралық қа­рым-қатынастардың жаңа деңгейге көте­рілгендігін ерекше атады.

Жалпы, Қазақстан Украинаның саяси, экономикалық және гуманитарлық бастамаларына үнемі қолдау білдіріп келеді. Екі елдің ұстанымдары барлық бағыттар бойынша ұқсас екендігін де айта кеткен жөн.

Украиналық елші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген брифингінде екі ел арасындағы ынтымақтастық артып келе жатқанын және де ол үнемі даму үстінде екендігін баса атады. Елшінің сөзіне қарағанда, Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы соңғы жылдары айтар­лықтай өскен. Украиналық авто­көліктерді Қазақстанда шығаруға қа­тысты бірлескен жобалар да жүзеге аса бастаған. Ұшақ жасау және ғарыш саласы бойынша да екі ел арасындағы ынтымақтастық артуда.

Елші қазақстандық кадрларды Ук­раи­нада даярлау барысына да тоқ­талды. Атап айтқанда, қазақ­стан­дық жастар Киев техникалық университетінің қо­сым­ша емтихандарын тапсырып жатыр екен.

Бұдан бөлек дипломат Украинаның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы Астана дек­ла­ра­циясының ережелері рухында жал­ғасарын қуаттай келіп, осы елдің Сыртқы істер министрі әрі ЕҚЫҰ төрағасы үстіміздегі жылдың қаза­нын­да Астанаға сапар жасайтынын, сол кезде «Бейбітшілік үшін, қару­сыз­­да­ну үшін және экономикалық даму үшін» атты жалпыеуропалық қоз­ға­лысты дамыту барысы сөз болатынын алға тартты. Кеден одағына қатыс­ты сөзінде елші бұл Ұйымға деген Украи­наның ұстанымы оңды екенін, ұйым елдердің бір-бірін түсінуіне жақсы орта қалыптастыратынын атады. Украина Кеден одағы мен Еуропалық Одақ арасын жалғайтын көпір бола алар еді, деді елші сөзін қорытындылай келіп.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».