
Түркістан қаласын дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттер шеңберінде «Түркістан» ӘКК» АҚ облыс орталығының сервистік және қонақүй қызметтерінің нарығын зерттеген. Нәтижесінде болашаққа бағытталған жоба ретінде қаланың тарихи-мәдени орталығына орналасатын «бутик-отель» форматында қонақ үй соғылатын болды.
Жобаны іске асыру барысында қонақүй бизнесіндегі халықаралық стандарттарды басшылыққа алу ескерілетіні анық. Қонақүйде 66 бөлме болмақ. Бүгінде «бутик-отель» аталып отырған нысанды «BI Group» инвестициялық-құрылыс холдингінің еншілес компаниясы салады.
«Жыл сайын саны артып келе жатқан қажылық мақсатта келушілер мен туристер легін ескерсек, этникалық стильде безендірілетін бутик-қонақүйі сұранысқа ие болады және жаңа Түркістанның сәніне айналады», дейді «Түркістан» ӘКК» АҚ Инфрақұрылым мен туризмді дамыту департаментінің директоры Баян Каюпова.