21 Тамыз, 2013

Сенсация: «Селтиктің» сағын сындырдық!

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл – отандық футболдың жарқын жеңісі

Кеше түнде «Астана-Арена» спорт кешенінде Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінің бірінші ойынында Қарағандының «Шахтері» Шотландияның «Селтигін» қабылдады. Тартысты да, қызықты өткен матч 2:0 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді.

Бұл – отандық футболдың жарқын жеңісі

Кеше түнде «Астана-Арена» спорт кешенінде Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінің бірінші ойынында Қарағандының «Шахтері» Шотландияның «Селтигін» қабылдады. Тартысты да, қызықты өткен матч 2:0 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді.

Бұл нағыз «көрген де арманда, көрмеген де арманда» дейтіндей ойын болды. Олай болатын да жөні бар. «Селтик» – Еуропадағы ең белді де беделді командалардың бірі. Бұған дейін Қазақстан клубтарына мұндай деңгейдегі ұжыммен ұшырасудың реті келе қойған жоқ еді. Осы жылы алғаш рет Чемпиондар лигасының екі кезеңінен сәтті өткен кеншілер жасағы үшін мұндай қарсыласпен күш сынасу тағдырдың берген сыйы іспеттес-тін. Сондықтан қарағандылықтар осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, шайқасқа барын салуға ұмтылды.

Бірақ ойын біздің қауіп еткеніміздей, ә дегеннен «Селтиктің» шабуылымен басталды. Глазгоның сайыпқыран сарбаздары матчтың 3-минутында біздің қақпаға екі бірдей бұрыштама беріп, айтарлықтай қатер туғызды. Арада 3-минут өткенде осы жағдай тағы қайталанды. Біздің футболшылар осыдан кейін ғана бауырларын жазып, алға қарай жөңкіле шапты. Соның нәтижесінде 12-минутта команда капитаны Андрей Финонченко қақпа алдындағы қарбаласты ұтымды пайдаланып, есеп ашып үлгерді. Осыдан кейін ойын негізінен тең жағдайда өтіп жатты.

Меймандар екінші таймның басын да өз ықпалында өткізді. Алайда, көп ұзамай шахтерліктер ойындағы тепе-теңдікті қалпына келтіріп, қайтадан шабуылға көтеріле бастады. Шабуылдың ыңғайлы сәтінде шабуылшы Сергей Хижниченко тағы бір гол соғып, жерлестеріміздің айбынын асыра түсті. Бұдан кейін де екі команданың бір-бірлеріне гол соғатындай мүмкіндіктері болды. Дегенмен, уақыт ұзаған сайын сенімділіктері беки берген біздің футболшылар алаңда өздерін барынша ыждағатты ұстап, осы есепті матчтың соңына дейін жеткізді.

Қарымта ойын тамыздың 28-і күні Глазго қаласында өтеді.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».