Жобаның мақсаты – қала тұрғындарының көңілін көтеріп, қуанышты сәттерді фото арқылы жеткізу. Камера объективіне кездейсоқ түскен елордалықтар да ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. «Мереке қарсаңында өзіміз фотосессия жасауды жоспарлап жүрген едік. Бүгін қыздарыммен көңіл көтеріп, қаланы аралауға шыққанбыз. Осындай жобаны жүзеге асырып жүрген ұйымдастырушыларға көп рахмет. Мейрамға қарсы қыздарымның тағы бір арманы орындалды», - деді көпбалалы ана Жаннұр Амантай.
Жобаны жүзеге асырушылардың бірі – қылқалам шебері Айдос Есмағамбет. Мадам Тюссо музейінен шабыт алған мүсінші болашақта елімізде силиконнан жасалған мүсіндер музейін ашуды армандайды. Айдостың шеберханасында АҚШ-тың 44-президенті Барак Обама, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, боксшы Геннадий Головкиннің мүсіндері бар.
«Рухани жаңғыру» кеңсесі алдағы уақытта «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен түрлі шараларды жүзеге асыруды жоспарлауда. Сондай-ақ кеңсенің оқу орталығында жоба жеңімпаздарымен кездесулер де ұйымдастырылады.