Қоғам • 10 Наурыз, 2020

БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы жинақтарының орташа сомасы 1 млн теңгеден асты

265 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Зейнетақы жинағының көлемі жүйеге қатысу өтілі мен жарналарды тұрақты аударуға тікелей байланысты. Бұл туралы «БЖЗҚ» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы жинақтарының орташа сомасы 1 млн теңгеден асты

Қордың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020 жылдың 1 ақпанына қарай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында міндетті зейнетақы жарнасы бойынша ашылған жеке зейнетақы шоттарындағы жинақтың орташа сомасы 1,09 миллион теңге болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім – 11 пайыз.

Бұл ретте ерлердің зейнетақы жинағының орташа сомасы – 1,2 млн теңге (2019 жылмен салыстырғанда өсім – 10 пайыз), ал әйелдерде – 949 мың теңге (өсім – 12 пайыз).

«Салымшылардың міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы есебінен ашылған шоттардағы жинақтың орташа сомасы – 509 мың теңге (өсім – 17 пайыз), ерікті зейнетақы жарнасы бойынша – 48,5 мың теңге. Айта кетелік, бұл барлық салымшылардың – еңбек жолын жаңадан бастап, зейнетақы жарнасын қорға енді аудара бастаған және жарнаны жиырма жылдан астам уақыттан бері аударып келе жатқандардың шотынан алынған сандар», делінген хабарламада. Биыл жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 22 жыл толды.

Бірақ қазірдің өзінде аралық қорытынды жасауға болады. 1998 жылдан 2020 жылдың басына дейін зейнетақы жарналарын тұрақты аударып келген салымшылардың зейнетақы жинағының орташа сомасы 5,3 млн теңге болды.