Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Талғат Кәкімовтің айтуынша, биыл қызыл судан келетін қауіптің алдын алу және жою жұмыстарына облыстық бюджеттен 27 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Мұның сыртында, су тасқынын әуеден бақылауға 10 млн теңге қарастырылған. Өңірде 52 құтқару бекеті жасақталып, қауіп төніп тұрған елді мекендердегі жағдайды қатаң бақылауға алған. Оған қажетті 150 тонна жанармай, 10 мың тонна инертті материал, 50 мың қап құм дайын тұр. Облыста көктемгі су тасқыны бола қалған жағдайда 349 техника, 200-ге жуық су сорғыш құрылғы және 100 шақты қайық жұмылдырылмақ. Қазірдің өзінде бірқатар өзеннің су арнасын аршу үшін мұз жару жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы алдын алу шаралары Бейімбет Майлин ауданындағы Әйет өзені мен Әулиекөл ауданындағы бірнеше өзен-көлден басталды. Биыл мұз жару жұмыстарына облыстық бюджеттен 9 млн теңге қарастырылып отыр.
Таяуда республика көлемінде ұйымдастырылған «Көктем- 2020» шарасы аясында кешенді оқу-жаттығу шаралары өтіп, құтқарушылардың көктемгі тасқынға дайындығы тексерілді. Іс-шараға азаматтық қорғаныс жүйесінің органдары, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиялар мен апаттық-құтқару құрылымдары қатысты.
Жаттығу барысында байланыс жүйелері мен диспетчерлік қызметтердің дайындығы, материалдық-техникалық, азық-түлік және медициналық резервтердің қоры тексерілді.
Жергілікті атқарушы органдар өзен жағалауларындағы жырылу қаупі бар жерлердегі бөгеттерді мықтап, эвакуация бола қалған жағдайда тұрғындарды төсек-орынмен және ыстық тамақпен қамтамасыз ету жайын реттеді. Жедел қимыл жасақтары су басу қаупі бар өткелдердегі көпірлер мен құбыр арналарын тазалап, құм толтырылған қаптар мен инертті материалдардың жеткілікті мөлшерде екеніне көз жеткізді.
Өңірдегі су тасқынына дайындық жұмыстарын облыс басшысы А.Мұхамбетов өзінің тікелей бақылауына алған. Алдағы аптада Ресейдің Қостанай облысымен шекаралас жатқан аймақтарынан мамандар келуі тиіс. Көршілес облыстардың құтқарушылары бас қосып, тәжірибе бөлісіп және қолда бар мәлімет, болжамдарды салыстырып, көктемгі су тасқынына дайындық барысын тағы бір пысықтап алуды жоспарлап отыр.
ҚОСТАНАЙ