Кездесу бастала сала мұзайдын иелері шабуылға шығып, ойынның небәрі 4-минутында есеп ашты. Егор Петуховтың асырған шайбасынан кейін Антон Сагадеев «Металлург» қақпасын дәл көздеді. 6-минутта қонақтар сапынан Николай Кулёмин есепті теңестіргенімен, арада 30 секунд өткенде Даррен Диц «Барысты» қайта алға шығарды. Бірінші кезең аяқталғанға дейін Антон Сагадеев дубль авторы атанып, есепті 3:1-ге жеткізді.
Екінші кезеңде екі команда хоккейшілері бір-бір шайба соқты. Алғаш 25-минутта Павел Акользин, 28-минутта Артём Минулин мергендігімен көзге түсті. Ал үшінші кезеңнің соңғы минутында Павел Акользин ойындағы екінші, «Барыстың» бесінші шайбасын соқты. Қорытынды есеп – 5:2.
«Барыс» пен «Металлург» арасындағы 5 ойынға созылған кездесуде жерлестеріміз 4:1 есебімен жеңіске жетіп, Гагарин кубогының жартылай финалына шықты.