Парламент • 11 Наурыз, 2020

Н.Нығматулин сұраққа қазақ тілінде жауап бермеген вице-министрді сынға алды

253 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасы және оған ілеспе заң жобасымен бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы Мәжіліс Аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.

Н.Нығматулин сұраққа қазақ тілінде жауап бермеген вице-министрді сынға алды

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Наринэ Микаелян мемлекеттік тілде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбекке цифрландыруды белсенді жылжыту жағдайында әкімшілік әділетті енгізуге қатысты бірқатар сұрақ қойды.

Дегенмен, Мәжіліс Төрағасы мемлекеттік тілде қойылған сұраққа қазақ тілінде жауап бермеген вице-министр Асхат Оразбекті сынға алды.

- Әрине, бізде аударма бар. Осы залда отырған әрбір азаматқа қай тілде сөйлеймін десе де жағдай жасалған. Бірақ басқа ұлттың азаматтары қазақ тілінде сайрап тұрғанда, сіздің мемлекеттік тілде жауап бермегеніңіз дұрыс емес, - деді Нұрлан Нығматулин.

Кодекс жобасының негізгі мақсаты – азаматтарға басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне нақты қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктерді бекіту және билік органдарымен бірге жоғары тұрған орган мен сотта дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеу болып табылады.