Қазақстан • 11 Наурыз, 2020

Қазақстан мен Бразилия арасындағы құқықтық тұрғыда реттеу құжаттары қаралды

350 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында Қазақстан мен Бразилия арасында өзара құқықтық көмек көрсетуді заңдастыру мәселесі қаралды. Комитет басшысы Владимир Волковтың төрағалық етуімен өткен отырысқа сенаторлармен бірге Бас прокуратураның өкілдері де қатысты. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан мен Бразилия арасындағы құқықтық тұрғыда реттеу құжаттары қаралды

Алдымен Қазақстан мен Бразилия арасындағы қылмыскерлерді өзара ұстап беру туралы шартты ратификациялау ұсынылды. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Бразилия елі арасында қылмыс саласына қатысты  негізгі 3 шарт жасалды. «Аталған шарт іздеуде жүрген адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту және сот үкімін орындау үшін сонымен қатар экстрадициялау мәселелелерін шешеді. Құжатта адамдарды ұстап беру және одан бас тарту мәселелері белгіленген», - деді М.Ахметжанов.

Сенатор Рысқали Әбдікеров аталған заң жобасын ратификациялауды қолдай отырып, шарттың екі ел арасында іздеу салынған адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту мен азаматтарды экстрадициялауға бағытталғанын айтып өтті.

Кеңейтілген отырыста сонымен қатар екі ел арасында қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек шартын ратификациялау туралы заң жобасы да талқыға салынды. Бұл шартты ратификациялау екі ел арасындағы күдіктілер мен айыптаушылардың кінәсін дәлелдеу үшін қажетті тергеу амалдарын жүргізуді көздейді. Шартта құқықтық көмек қандай жағдайларда көрсетілетіні жазылған және құжаттың әлеуметтік, экономикалық және саяси теріс салдары жоқ.

Қосымша баяндама жасаған Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров азаматтардың жазаны өз елімізде өтегені қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік беретінін атап өтті. Сол сияқты сотталған азаматтарды әлеуметтік жағынан оңалтуға оң әсерін тигізеді. 

Қазақстан мен Бразилия арасында өзара сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау да ұсынылды. Ұсынылып отырған шарт жазасын өтеп жатқан қылмыскерлерге жазасын өз елінде өтеуге мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, шартты ратификациялау шетелдегі өз азаматтарымызды қорғау мақсатын көздейді.

Комитет басшысы Владимир Волков кеңейтілген отырысты қорытындылай келіп, еліміз тәуелсіздік алғалы 29 елмен осындай екіжақты шарт жасалғанын жеткізді. «Қазіргі уақытта біздің азаматтар шетелде жиі шығады. Өкінішке қарай, келеңсіз жағдайларға да ұшырап жатады. Сондай жағдайда осы шарттың құқықтық көмегі тиеді», - деді В.Волков.

Заң жобалары Сенаттың жалпы отырысында қарауға ұсынылды.