Аймақтар • 11 Наурыз, 2020

Қостанайда ауылшаруашылық техникаларының көрмесі өтті

189 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ерте көктемде алқап жұмыстарының алдында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын халықаралық көрмеде облыс ауылшаруашылық техникаларының соңғы жетістіктері мен заманауи дән сепкіш кешендер  облыс диқандарының назарына ұсынылды.

Қостанайда  ауылшаруашылық техникаларының көрмесі өтті

Шараға Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Петропавл қалаларындағы ауылшаруашылық техникаларын сатумен айналысатын делдал компаниялармен қатар, Ресейдің техника шығаратын кәсіпорындарынан өкілдер келді. Әр компания  көпшілікке өздерінің ең соңғы үлгідегі заманауи  техникаларын таныстырып, артық тұстарын түсіндіріп бақты.

 – Біз Қостанайда өтетін көрмеге бірінші рет қатысып отырған жоқпыз. Биыл RSM 2375 тракторын әкелдік. Көкшетауда құрастырылған. Бұл техникада мың аттың күші бар. Бәгіне 927 литр жанармай сыйып кетеді, - дейді «Ростельмаш» компаниясының менеждері Асқар Молдағалиев.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеутай Ержанов «АгроҚостанай-2020» атауымен өтіп жатқан бұл көрменің өңірдегі тауар өндірушілер үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Бүгін ондаған кәсіпорын ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерімен бөлісіп отыр. Бұл – егінмен, мал шаруашылығымен айналысатын қостанайлықтар үшін орасан мүмкіндік, - деді ол.

 

Қостанай