Елбасына «Мәскеу университетінің Жұлдызы» наградасы табысталды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ММУ ректоры Виктор Садовничиймен кездесті. Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті еуразиялық интеграция идеясына арналған Елбасы кітапханасының көрмесімен танысты және ММУ музейін аралап көріп, онда «Құрметті қонақтар» кітабына жазба қалдырды.
Нұрсұлтан Назарбаев Виктор Садовничиймен әңгіме кезінде алдымен Мәскеу мемлекеттік университеті халықаралық деңгейде мойындалған, ұзақ уақыт бойы жоғары беделге ие болып келе жатқан оқу орны екенін және сұраныстағы мамандықтар бойынша маман дайындайтын ірі әрі маңызды білім беру мекемесі болып қала беретінін атап өтті.
Содан кейін Қазақстанның Тұңғыш Президенті посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық процестердің даму тарихына егжей-тегжейлі тоқталды.
– Мен 1994 жылдың наурыз айында ММУ қабырғасында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеяны жария еттім. Сонда біз жоспарлаған бірлесіп жұмыс істеудің тұтас тұжырымдамасын ұсындым. Нәтижесінде, 2014 жылы біз осы одақты құру туралы шартқа қол қойдық. Еуразиялық экономикалық одақ қиындықтарға қарамастан, мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы көлемінің өсімін қамтамасыз етуде. Қырықтан аса ел бұл бірлестікке қосылуға ниет білдірді. Өйткені қазіргі заманда интеграциясыз өмір сүру мүмкін емес. Интеграция мемлекеттің одан әрі дамуына мүмкіндік береді. Сондықтан ЕАЭО-ның болашағы бар деп санаймын. Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы Қазақстанның астанасында орналасқан ММУ филиалының даму қарқынына тоқталды.
– Ресей Президентімен келісімге сәйкес біз Қазақстан астанасында ММУ филиалын құрдық. Бүгінде филиалдың аясы кеңейіп, орын жетіспеушілігі байқалып жатыр. Осыны ескере отырып, біз ММУ филиалы үшін жалпы ауданы 20 000 шаршы метр болатын оқу корпусын пайдалануға береміз, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, ММУ филиалының жаңа оқу корпусы Сарыарқа ауданында орналасқан және 800 студентті оқытуға қауқарлы болмақ. Жаңа кешен 3 нысаннан тұрады: оқу корпусы, жатақхана және гараж. Оқу корпусы 4 блокқа бөлінсе, жатақхана 350 орынға шақталған. Бұған қоса бұл ғимарат оқу орнының ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
– Егер біз алға жылжып, ғылыми-техникалық прогрестен қалғымыз келмесе, білім беруді дамытумен айналысуымыз қажет. Сондықтан біз Қазақстанда «Назарбаев Университетін» құрдық. Осы жоғары оқу орнына сәйкес контингентті қалыптастыру үшін біз бүкіл ел бойынша 22 зияткерлік мектеп салдық. Бұл мектептердің түлектері дүниежүзілік және халықаралық олимпиадаларға қатысып жүр, – деді Елбасы.
Өз кезегінде ректор Виктор Садовничий Нұрсұлтан Назарбаевқа университетке арнайы ат басын бұрғаны үшін ризашылығын білдіріп, Еуразия құрлығындағы интеграциялық процестерді нығайтудағы Елбасының рөлін ерекше атап өтті.
– Мен сіздің біздің университетке деген ықыласыңызды өте жоғары бағалаймын және ЕАЭО-ның дамуына қосқан орасан үлесіңізге таңданамын. Сіз қашанда дұрыс және нақты шешім қабылдадыңыз. Барлық уақытта ынтымақтастыққа басымдық бердіңіз, – деді ММУ ректоры.
Кездесу соңында ММУ-дың Құрметті докторы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәскеу университетінің Жұлдызы» жоғары наградасымен марапатталды.
Көшпелі көрменің мазмұны көшелі
Еуразиялық ынтымақтастықтың іргесі қаланып, ілгерілеуі жолындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшелі істері дәріптелген көшпелі көрменің Ресей астанасындағы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінен бастау алғаны да үлкен мәнге ие. Өйткені дәл осы оқу ордасында осыдан 26 жыл бұрын 1994 жылы наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті тәуелсіз мемлекеттердің көпжақты, тең құқылы ынтымақтастығы форматында Еуразиялық интеграция идеясын жария етті. Содан бері Нұрсұлтан Назарбаев осынау бастамасының жүзеге асуына сүбелі үлес қосып, бұл идея Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына арқау болды.
Елбасы бірегей идеяны ұсынып қана қоймай, соның негізінде қалыптасқан интеграциялық бірлестіктің өміршеңдігі үшін қажырлы еңбек сіңіріп келеді. ММУ қабырғасында ашылған көрменің «Н.Назарбаев – Еуразия интеграциясының сәулетшісі» деп аталғаны да сондықтан. Аталған көрме Қазақстан-Ресей қарым-қатынасын бекіте түскен еуразиялық ынтымақтастықтың кеңінен қанат жаюындағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін және бұл бастаманың жаңа жаһандық жағдайдағы даму бағдарын жан-жақты көрсетуді мақсат тұтты.
Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы университетте жасаған еуразиялық интеграция туралы ұсынысы бүгінде ЕАЭО-ның табысты жұмысының ұстыны болып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, «Қазақстан – Ресей: мемлекетаралық байланыстардың эталоны», «Еуразиялық одақ: идеядан тәжірибеге дейін» және «Болашақ интеллектуалдық ұлт» деп аталатын үш бөлімнен тұратын көрмеде келушілерге Елбасы кітапханасының архив, кітап, музей қорларынан материалдар ұсынылды.
Алғашқы бөлімде Елбасының жеке архивінің материалдары негізінде дайындалған еуразиялық интеграцияның өзегі ретінде Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының тарихы мен кезеңдері көрсетілді. Бұл бөлімнің экспозицияларында Нұрсұлтан Назарбаевқа әр жылдары тапсырылған Ресей Федерациясының мемлекеттік және қоғамдық марапаттар топтамасы, Ресейдің мемлекет және қоғам қайраткерлері ұсынған сыйлықтар кешені, сондай-ақ қолтаңбасымен сыйға тартылған кітаптар ұсынылған.
Екінші бөлімде Еуразиялық экономикалық одақтың тарихы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бағытта сіңірген еңбегімен байланыстырып көрсетілген. Одақтың даму тарихынан хабар беретін фотоматериалдар мен маңызды құжаттар бұл экспозицияның мазмұнын ашты.
Ал үшінші бөлімдегі материалдар Елбасының дарынды жастармен, студенттермен, жас ғалымдармен, жас кәсіпкерлермен жыл сайынғы кездесулерінен сыр шертеді. Осындай көптеген жүздесуде Нұрсұлтан Назарбаев өзінің стратегиялық идеяларын айтып, жастар саясатын дамытуға қатысты жоспарларымен бөліскен. Экспозицияда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап халықаралық білім кеңістігінде жүйелі дамуға бағытталған білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясат туралы баяндайтын материалдар қойылған. Сондай-ақ мұнда Елбасына Қазақстан мен Ресейдің жетекші жоғары оқу орындары тапсырған мантиялар мен басқа да білім беру мекемелерінің естелік сыйлықтарын тамашалауға болады.
Жаңа ғимарат беріледі
Бұған қоса көрмеге келушілер Елбасы кітапханасының жинақтарынан М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне қатысты архивтік және музейлік материалдармен, атап айтсақ, сыйлықтар мен қоғамдық марапаттар, фотоматериалдар және Нұрсұлтан Назарбаевтың осы оқу ордасында оқыған дәрістерімен танысты.
Көрмені тамашалау барысында қазақстандық делегация құрамында келген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті сөзге тарттық. Ол жоғарыда Елбасы атап өткен ММУ-дың Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа ғимараты туралы айтып берді.
– Қазақстан мен Ресей білім және ғылым саласында қашаннан тығыз қарым-қатынас орнатқан. Оның бір дәлелі ретінде 1999 жылы қол қойылған келісімшарттың негізінде Қазақстанда М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы ашылғанын атап көрсетуге болады. Бұл филиал бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық ғимаратында орналасқан. Осы сапар барысында жағымды жаңалық ретінде ММУ филиалына жаңа ғимарат берілетінін айтқым келеді. Бұл ұзақ уақыт бойы шешімін таппаған мәселе еді. ММУ филиалында қазір 605 студент білім алуда. Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа
ауданынан орын тебетін филиалдың жаңа ғимараты студенттердің санын арттыруға септігін тигізеді. Мұның бәрі – өзіміздің қазақстандықтар үшін жасалған жағдай. Еліміздегі маңдайалды оқу орындарының қатарында аталған филиал да жемісті жұмыс істеп жатыр. Бұл университеттің оқыту форматы – біздің ЖОО-лардан өзгеше. Мысалы, біздің елдегі филиалда оқитын студенттер 1-2 жыл Мәскеу қаласына келіп білім алады. Мұны тиімділігін көрсетіп отырған бағдарлама деуге негіз бар, – деді министр.
Бүгінде Ресей астанасындағы ММУ-де қазақстандық 500-ге жуық студент оқып жатыр. Солардың біразы көрмеге келіп, танымын кеңейтетін материалдардың мазмұнына қанықты.
– Елбасының бастамасымен біздің елде ашылған Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалында білім алып жатырмын. Экономика мамандығының 2-курс магистрантымын. Қазір диплом қорғау және мемлекеттік емтихан тапсыру үшін Мәскеу қаласында жүрміз. Елден жырақ жүрген соң осы университетке Елбасының ат басын бұрғанын естіп қуанып қалдық. Бүгін көрмені тамашалайық деген ниетпен бір топ қазақстандық арнайы келдік. Бұл көрме арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларымен жоғары деңгейдегі үлкен істердің атқарылғанына көз жеткізе түстік. Кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Қазақстанның еңсе тіктеп, елеулі елдердің қатарына қосылуына ерен еңбегі сіңген Елбасының жүріп өткен жолы біз сияқты жас ұрпақты ұдайы алға жетелеп, жігерлендіреді, – деді ММУ-дың Қазақстандағы филиалының студенті Ботагөз Ибайдуллаева.
Жалпы, Мәскеудегі аталған көрмеге 700-ге жуық материал әкелінді. Оның ішінде 200-ден астамы – жәдігер, 250-і – мұрағат материалдары, қалғаны – кітаптар мен фотобейне материалдар. Енді Еуразиялық интеграция идеясы жария болған жерден бастау алған Елбасы кітапханасының арнаулы көшпелі көрмесі Нұр-Сұлтан қаласында жалғасын табады.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan» – Мәскеуден (Ресей)