Есеп комитетінің «тиімді» бағалауы рейтингінде былтыр Солтүстік Қазақстан облыстық тексеру комиссиясы еліміз бойынша бірінші орынға шықты. «Бұл кездейсоқ табыс емес. Бюджет қаржысын пайдалануда анықталатын жүйелі бұзушылықтарды болдырмау мен алдын алу үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, аудан әкімдерінің, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қатысуымен семинар-кеңестер өтті. Осы жұмыстардың нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың сомасы алдыңғы жылғы 6,9 млрд теңгеден 2019 жылы 3,2 млрд теңгеге дейін, яғни 2 есеге азайды», дейді комиссия төрағасы Т.Қаскин.
Облыстық тексеру комиссиясы менеджмент пен жұмыс әдісін жетілдіру арқылы тұрғындарға бір табан жақындай түсті. Атап айтқанда, тексеру комиссиясының сайты жаңартылып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша Nur Otan партиясының аудандық филиалдарында қабылдауда. Салықтық әкімшілік аудитінің тиімділігіне көз жеткізу мақсатында 2019 жылы төрт ауданда (Ақжар, Аққайың, Жамбыл және Ғабит Мүсірепов атындағы) аудит жүргізілді. Аудит барысында 39,9 млн теңге сомасында қаржылық бұзушылық анықталып, оның 39,3 млн теңгесі, яғни 98 пайызы жергілікті бюджетке қайтарылды.
Мемлекеттік аудиторлардың біліктілігін арттыру, өзара байланысты дамыту мақсатында Тараз мемлекеттік педагогикалық университетімен, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Сондай-ақ «НИТ» және «Қазақтелеком» АҚ, «Госсектор. KZ.» ЖШС басшыларының қатысуымен бюджет қаржысын, мемлекеттік активтерді пайдалануға электронды аудит жүргізу мәселесі бойынша дөңгелек үстелдер өткізілді.
2019 жылы аудиторлардың тексерісі нәтижесінде Айыртау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас есепшісі 1 млн теңге мөлшеріндегі қаржыны негізсіз аударғаны үшін айыпталып, 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында екі 15 пәтерлік тұрғын үй құрылысында жұмыстардың толық орындалуын күтпей актіге қол қойылып, 19,1 млн теңге қаржыны аударып жіберген. Бұл факті де сотқа жолданды. Бұдан басқа 2019 жылы аудит барлығы 73 нысанның 116,5 млрд теңге бюджет қаржысы мен мемлекеттік активін қамтыған. Осы жұмыс барысында 1,2 млрд теңгенің қаржы тәртібін бұзушылығы анықталып, 1,1 млрд теңгесі немесе 95,4 пайызы мемлекетке қайтарылады.
Орынсыз жұмсалған қаржыны бюджетке қайтару оңай емес. Кейде бұл үрдіс ұзаққа созылады. Бірақ соған қарамастан, бұрынғы жылдардағы қаржылық бұзушылықтардың 127 млн теңгесін жергілікті бюджетке қайтаруға қол жеткізілді.
Талдау барысында түрлі бұзушылықтарға бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есеп беру барысында жол берілгені белгілі болды. Мәселен, 2019 жылы бухгалтерлік есепті бұзушылық 951,8 млн теңге немесе барлық бұзушылықтың 29,8 пайызы болған, оның ішінде активтерді, қорларды көрсетпеу немесе қате көрсету, қорларды негізсіз есептен шығару, кредиторлық және дебиторлық қарыздарды жасыру фактілері бар.
Сонымен бірге құрылыс жүргізу мен жөндеу барысында бұзушылықтарға жиі жол беріледі. Мысалы, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасында, Шал ақын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінде сомасы 19,3 млн теңгенің орындалмаған жұмыс көлемі анықталған. Бұл – басшылар тарапынан тиісті бақылаудың болмауы салдарынан орын алып отырған фактілер.
Мемлекеттік сатып алулар талаптары толық орындалмайды. Мәселен, Айыртау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі, Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласы әкімінің аппараты қолданыстағы заңнамаларды орап өтіп, бұл мәселені тура келісім жасау арқылы шешкен. Өткен жылы барлығы 332,4 млн теңгенің 67 рәсімдік бұзушылықтары анықталды. Соның ішінде мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамаларды бұзғаны үшін 7 тұлға 523,9 мың теңге көлемінде айыппұл төледі.
Аумақтарды дамыту бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да аудиттің назарында. Бұл орайда да көптеген кемшіліктерге жол берілген. Нақты айтқанда, көптеген мемлекеттік ұйымдар мақсатты индикаторларға қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасамайды. Мәселен, 2018 жылы Айыртау ауданында 64 мақсатты индикатордың 51-і немесе 79,7 пайызы, Тайынша ауданында 72 индикатордың 62-сі немесе 88,6 пайызы, Шал ақын ауданында 68 индикатордың 59-ы немесе 86,8 пайызы ғана орындалған. Анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтар аудандық экономика және қаржы бөлімдері тарапынан бағдарламаны жүзеге асыруға немқұрайдылық орын алып отырғанын, алға қойған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін қабылданған шаралардың жеткіліксіздігін көрсетеді.
Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде 389 тұлға жауапкершілікке, оның ішінде біреуі қылмыстық, 219-ы әкімшілік (айыппұл сомасы 9,2 млн теңге) жауапкершілікке тартылған.
Коммуналдық меншікке жататын тұрғын үй қорын пайдаланғаны үшін төлемдердің толық және уақтылы түсуіне аудит жүргізген кезде жалдау мен жекешелендіру келісімшарты бойынша баспана құнын толық және уақтылы төлемеу фактілері орын алып отырғанына көз жеткізілді. Аудит қорытындысы бойынша 126 жалдаушы мен сатып алушыға жалпы сомасы 4 млн теңге айыппұл салынған.
Аудит анықтаған бұзушылықтар бойынша қаржыны қайтару өзекті мәселелердің бірі көрінеді. Жалпы, облыс бойынша 2019 жылы қалпына келтірілмеген және қайтарылмаған қаржы көлемі – 54,4 млн теңге. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы, Тайынша аудандық экономика және қаржы бөлімі және т.б. бюджетке 19,1 млн теңгені қайтаруы тиіс.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес бағыты бойынша облыстық тексеру комиссиясы облыс прокуратурасымен, мемлекеттік кірістер департаментімен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлесіп «Мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау жүргізу кезінде анықталған құқық бұзушылық жөніндегі мемлекеттік аудит материалдарын беру ережесін» бекіткен.
Міне, осындай жұмыстардың тиімділігі облыстық тексеру комиссиясының жұмысын жоғары рейтингке жеткізіп отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы