Аймақтар • 12 Наурыз, 2020

Түркістан: 138 оқушы халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегері атанды

268 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының 138 оқушысы халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегерлері атанған. ҰБТ қорытындысы бойынша елімізде ең жоғары 140 балды иеленген де осы өңірдің түлегі. Өткен жылдың қорытындысымен 3 педагог республикада «Жылдың үздік педагогы» атанса, «WorldSkills-2019» біріншілігінде 17 колледж студенті бірінші орынды иеленген.

Түркістан: 138 оқушы халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегері атанды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев жоғарыда аталған жетістіктерді биыл еселендіру басты міндеттердің бірі екенін жеткізді. Өңірдегі 906 мектептің 6-ы жекеменшік иелігінде. Биыл қосымша 12 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Үш ауысымда білім беретін 5 мектеп бар. «Биыл 7 апатты мектептің орнына жаңасын салу мақсатында 3 мектептің құрылысына қаржы бөлініп отыр. Республика бойынша дәретханасы далада орнатылған 2352 мектеп бар болса, соның 60 пайызы Түркістан облысында орналасқан. 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін барлық мектептердегі ішкі дәретханалар қалпына келтіріліп, сыртқы дәретханалар санитарлық талаптарға сәйкестендіріледі. Мектептерге түгел қоршаулар қойылады», деді басқарма басшысы.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстағы 900 мектептің 98 пайызында бейнебақылау жүйесі орнатылған. Жыл соңына дейін мектептер бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылмақ. Сондай-ақ оқушыларды қосымша біліммен қамтуды 70 пайызға жеткізу мақсатында 11 ауданда «Оқушылар үйі» ашылуда.

 

 

Түркістан облысы