Аймақтар • 13 Наурыз, 2020

Әнжір әже 16 перзентінен 67 немере, 55 шөбере сүйіп отыр

587 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан Ораңғай ауылында тұратын Әнжір Қожамбердиева дүниеге 16 перзент әкелген. Батыр ананың 11 қыз, 5 ұлы бүгінде өсіп-өнген өнегелі әулетке айналған. Әнжір әже олардан 67 немере, 55 шөбере сүйіп отыр. Ұрпақтары тату-тәтті, ел қатарлы тіршілік кешіп жатқан Әнжір Қожамбердиева 11 сәуірде 83 жасқа толады.

Әнжір әже 16 перзентінен 67 немере, 55 шөбере сүйіп отыр

Шаңырақтың иесі марқұм Анарбай Қожамбердиев 2005 жылы қайтыс болған. Алтын құрсақты ананың үлкен ұлы Жұман 62 жаста болса, үй­­дің кенжесі Перизат 38 жас­­та. Бүгінде Әнжір әже кен­­же ұлы Ерлан мен келі­ні Сәр­сен­күлдің қолында, бес не­ме­ренің қылығы мен еркелігін қы­зықтап, тәлім-тәрбиесіне өз үлесін қосуда. Жуырда «Ауыл» партиясының өкіл­дері көп балалы ананың шаңы­ра­ғында қонақта болды.

«Ауыл» халықтық-демо­кратиялық патриоттық пар­тиясының төрағасы Әли Бек­таевтың құттықтауын жеткіз­ген Түркістан облыстық фи­лиалының төрағасы Нұржан Әжі­метов Әнжір әжеге орамал жауып, бір құшақ раушан гүлі мен арнайы сыйлығын табыс етті. «Біз жастарға алтын құрсақты, дүниеге көп бала әкелген асыл аналарымызды көбірек насихаттауы­мыз керек. Менің өмірден бір түйгенім, осындай көп ба­лалы отбасыдан шыққан балалар бауырмал, бір-бі­ріне жанашыр, мейірімді болып келеді. Қазір жастар бір-екі баламен шектелгенді жөн көреді, меніңше ондай балалар өзімшіл болып өседі. Сондықтан бір-екі баламен тоқтамай, көп балалы болған жақсы деп ойлаймын», дейді Нұржан Әжіметов.

Өзін арнайы іздеп келіп, құрмет көрсеткен партия өкіл­деріне алғысын білдірген қа­рия қуаныштан көзіне жас алды. «Дендерің сау болсын, менің жасыма жетіңдер! Өмір бойы осы ауылда еңбек етіп, зейнетке шықтым. Қой да бақтық, марқұм шалымыз екеуміз темір жолда да жұмыс істедік. Балаларым, ұрпағым аман болсын, осылардың арқасында аман-есен немере-шөберелерімнің қызығын кө­ріп отырмын. Сендерге де жұғысты болсын, еліміз аман, аспанымыз ашық болсын!», деп Әнжір әже қонақтарға ақ батасын берді.

 

Түркістан облысы