Парламент • 13 Наурыз, 2020

Митингтер туралы заң жобасы – Мәжілісте

60 реткөрсетілді

Мәжілісте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын таныстырды.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қа­зақстан халқына Жолдауында Үкімет алдына митингтер туралы заңнаманы же­тілдіру жөнінде нақты міндеттер қойған болатын. Осыған сәйкес Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт жиындар туралы заң жобасын әзірлеген еді. Аталған заң жобаларының таныстырылымына Мәжіліс депутаттары, қоғам белсенділері мен белгілі саясаттанушылар, БАҚ өкілдері қатысты.

– Заң жобаларын «Ашық деректер» порталында жариялағаннан бері азаматтардан 261 ұсыныс келіп түсті. Сондай-ақ еліміздің 9 қаласында тыңдалым жүр­гізілді. Қазақстандағы халықаралық ұйым­дар мен дипломатиялық өкілдер үшін заң жобаларының жеке таныстырылы­мы ұйымдастырылды. Сонымен қатар қоғамдық көзқарас зерделеніп, әлеу­меттік желілердегі пікірлер де ескерілді. Әлеуметтік зерттеу жасадық. Қарама-қай­шы пікірлер өте көп болды. Мемлекеттік уәкілетті орган ретінде бізге барлық мүдделі тараптардың көңілінен шығу оңай болған жоқ, – деді ведомство басшысы. 

Оның айтуынша DEMOSCOPE қоғам­дық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Конрад Аденауэр қорының қол­дауымен қазақстандық азаматтардың арасында еліміздің барлық аймақтарында са­уалдама жүргізді. Нәтижесінде, сауал­дамаға қатысқандардың 40%-ы митингтер елдегі жағдайды тек тұрақсыздандырады деп жауап қатса, 73%-ы митинг өт­кі­зуде билікпен келісу қажет деп есептейді.

Ал Қазақстанның қоғамдық даму инс­­титуты жүргізген әлеуметтік сауалда­ма барысында оған қатысқан отандастары­мыздың 87,7%-ы шеруге шыққылары келмейтінін жеткізген. Бұл ретте Ақпарат және қо­ғамдық даму министрлігі жүргізген әлеу­меттік сауалдамаға сүйенсек, қазақ­стан­дық­тар­дың 53,7%-ы митинг өт­кі­зуге рұқ­сат алу осы митинг өткізуші­лер үшін мін­детті болуы тиіс деп санай­тын­дар екен. Айта кетейік, сауалдамаға қатыс­қан­­дардың тек 21,4%-ы ғана Қазақстанда ми­­тингтер өткізуге оң көзқарас ұстанған.

Заң жобасын талқылау кезеңінде үкіметтік емес және халықаралық ұйым­дардың пікірін ескере отырып, бірқатар өзге­рістер енгізілді. Жекелеген нормалар қолданыстағы заңнамамен үйлестіріліп, ұйымдастырушылардың кейбір міндеттері алынып тасталды. Реттелетін тәртіп түсі­нігі күшін жойды.

Кейбір жекелеген мәселелер бойынша аса қызу пікірталас жүргізілген кездер де болыпты. Мәселен  бұған дейін митингке қатысушылардың саны 250 адамнан аспау керек деген пікір болған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіріп, алдын ала ескертілген бейбіт жиындарға қатысушылардың санын шектеу орынсыз қадам екенін жеткізген болатын. Солай бола тұра ұйымдастырушылар митингке қатысушылардың санын алдын-ала ескертулері тиіс. Д.Абаевтың айтуынша, бұл қадам қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды.

Осылайша митингті ұйымдас­ты­ру­шылар да, жергілікті билік те қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысты ортақ жауапкершілік арқалайтын болады. Бұл рет­те демонстрациялар мен шерулер өтініш беріп, келісім алғаннан кейін тек ар­найы орындарда өткізіледі. Бұл норма Қазақ­стан Конституциясының 32-бабына сәйкес келеді.

Сонымен қатар БҰҰ Бас Ассамблея­сының 1966 жылғы 16 желтоқсанда қа­былдаған қарарындағы азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 21-бабына сәйкес, бейбіт жиын­дарға қатысты құқық мойындалады.

– Біз халықаралық тәжірибені барынша тыңғылықты зерделеп шықтық. Соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибелері бар. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, әлемнің көптеген елінде бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу барысындағы басты басымдық қоғамдық қауіпсіздікке беріледі. Қо­ғамдық-саяси ахуалдың нашарлап кетуіне байланысты бейбіт жиындар өткізу жө­ніндегі заңнамаларын қатаңдатуға барған бірқатар демократиялық елдер де бар. Сонымен қатар либерализация жолымен жүріп келе жатқан мемлекеттер де аз емес, – деді Д.Абаев.

Заңдарын ырықтандыруға барған мұндай мемлекеттердің қатарында Фран­ция, Германия, Ұлыбритания, Польша, посткеңестік кеңістікте Қырғызстан мен Армения сынды елдер де бар. Аталған мемлекеттерде бейбіт жиындарды өткізу барысы ескерту жүйесі арқылы жүзеге асады. Ал рұқсат беру жүйесі АҚШ, Швеция, Жапония, Сингапур елдерінде қол­данылады. Елімізде бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізуді реттейтін қолданыстағы заңнама осыдан 25 жыл бұрын – 1995 жылы қабылданыпты. Яғни қоғам санасына бейбіт жиындар мә­дениетін сіңіретін уақыт келді. Сондықтан қолданыстағы заңнаманы өзгерту ғана емес, тұжырымдамалық тұрғыда жаңа заң жобасын әзірлеу қажеттілігі туындауда. Аталған заң бейбіт жиындардың барлық түрлерін ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін реттеуге негізделеді. Солай бола тұра митингтер өткізу – азаматтық құқық қана емес, жауапкершілік екенін де ұмытпау қажет.

Мәжілісте талқыланған заң жобаларына қатысты пікірлер де сан алуан болды. Сарапшылардың бірі құжатқа ен­ген баптардың құқықтық нормаларына тоқталса, енді бірі халықаралық тәжірибеге сүйенді. Заң ғылымдарының докторы, саясаттанушы Марат Башимов заң жобасының қоғамда үлкен талқыға түскенін алға тартты.

– Құжат өкілетті органдардың, тәуелсіз сарапшылардың, мемлекеттік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқыланды. Барлық пікірлер ескерілді. Сол себепті де бұл заң жобаларына үлкен сенім білдіремін. Митинг өткізуге ар­наулы орындарды белгілеу туралы мем­лекеттің ұсынысын қолдау керек. Бұған бірнеше себеп бар. Ең алдымен, арнаулы орындардың болуы митинг өткізуге өтініш білдірген адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Митинг саяси, экологиялық, әлеуметтік, мәдени мақ­сатта өтуі мүмкін. Әр адам ойын еркін жет­кізуге мүмкіндік алуы тиіс, – деді М.Ба­шимов.

Оның айтуынша, бейбіт жиынға шығатын азамат белгіленген алаңдарда орынның барына сенімді болып барады. Сондай-ақ адам көп жиналатын орындарда денсаулық сақтау мәселесі назардан тыс қалмау керек деген пікірді де ұстанып отыр. Яғни митинг өткізудің арнайы орындары болса, дәрігердің көмегі қажет болған жағдайда мамандар да дайын тұрады. Бұл ретте қоғамдық тәртіпті сақтау да өзекті мәселе болып отыр. Марат Башимовтің айтуынша, белгілі бір мәселеге қоғам назарын аудартуға ұмтылғандар үшін арнаулы алаңдар тиімді болмақ. Себебі ұйымдастырушылар шеру туралы хабарды алдын ала таратып, БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділерін шақыра алады.

Заң ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Амандықова заң жобасы халықаралық тәжірибеге сай дайындалғанын атап өтті.

– Халықаралық-құқықтық құжаттар мен Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Гер­ма­ния және өзге де елдердің тиісті заң­дарына терең талдау жасалды. Шетел заңнамаларында митинг ұйымдас­ты­ру­шылар мен оған қатысушылардың жауапкер­шілігіне үлкен мән берілетінін айта кету керек. Бұл мемлекетіміз бен отандас­тарымыздың өзара жауапкер­шілігінің конс­титуциялық-құқықтық қағидасына сәйкес келеді. Егер мемлекет аталған шара­лар ел заңнамасында көрсетілген талап­тарға сай болуына жауапты болса, ұйым­дастырушылар да еліміздегі заңдар­дың орындалуын қадағалауы қажет. Бұл – халықаралық тәжірибеге сай әрекет, – деді С.Амандықова.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саиров бейбіт жиындарға қатысты заң жобасы Мәжіліске дейін қоғамда ұзақ уақыт талқыланғанын айтты.

– Бұл заң жобасы бір айдан астам уақыт талқыланып келеді. Жалпыұлттық пікірталас тудырды деуге толық негіз бар. Құжат еліміздегі демократияны дамытып, азаматтық қоғам қалыптастыруда үлкен рөл атқармақ. Талқылау барысында айтылған сын-ескертпелер назарға алынып, өзгертулер енгізілді. Құжаттың бастапқы нұсқасы мен қазіргісін салыс­тырсақ, бірқатар өзгеріс барын байқау­ға болады. Азаматтық қоғам мүшелері мен белсенділердің ұсыныстары негізінде заң жобасы жетілдірілді, – деді Е.Саиров.

Заң жобаларын таныстыру барысында Мәжіліс депутаттары Д.Абаевқа бірқатар сауалдарын жолдап, ойларын ортаға салды.

 

Рауан ҚАБИДОЛДА,

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Ғасыр зұлматы

Қоғам • Кеше

Құрдым (төрттаған)

Әдебиет • Кеше

Жаңа форматтағы жыр кеші

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар