Аймақтар • 13 Наурыз, 2020

Қылмыс деңгейі 33%-ға азайды

264 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тобыл өңірінде дәл керек кезінде полицияға қол ұшын созып, көмекке келу­шілердің саны жыл санап еселеніп келеді. Тұрғындардың қоғамдық жауап­кершілігі мен құқықтық сауатының артып келе жатқанын сақ­шылар да айтып отыр. Мәселен, өткен жылы облыстағы тәртіп сақтау шара­ларына мыңнан астам ерікті қатысып, 12 қылмыстың ашылуына, 517 әкім­шілік құқық бұзушының ұсталуына атсалысқан.

Қылмыс деңгейі 33%-ға азайды

Еріктілердің көмегімен ұшты-күйлі хабар-ошарсыз кеткен жүзге жуық азамат табылған. Полиция департаменті қоғам тыныштығы үшін басын қатерге тігіп, дер кезінде тәртіп сақшыларына көмек қолын созған 255 еріктіге бір жылдың ішінде 5 миллион теңгеден астам ақшалай сыйлық тағайындаған.

Бірнеше әлеуметтік желілерде тікелей байланыс арқылы тұрғындарға есеп берген облыстық Полиция департаментінің бас­тығы Бекет Аймағамбетов осы және бұ­дан басқа да мәселелер төңірегінде сөз қозғады.

– Мен бұл есептік кездесуді азаматтарды қабылдау, олардың өзекті мәселелерін шешу алаңы ретінде қарастырамын, – деген өңірлік полиция басшысы бүгінде құқық қорғау органдары халыққа қызмет көрсетудің жаңа үлгісіне көшіп жатқанын айта келіп. – Соңғы жылдары халықтың полицияға деген сенімі артып келеді. Бұл өз міндетін мүлтіксіз атқаратын антына адал тәртіп сақшыларының жұмыс нәтижесінде қол жеткен табыс. Мәселен, өткен жылы облыс орталығында бірнеше пәтер тонау қылмысы тіркелген болатын. Бүгінге дейін солардың барлығы ашылды. Қылмыскерлер жазасын алып, 1 мил­лион теңгеден астам қолды болған қар­жы иелеріне қайтарылды. Полиция қыз­меткерлері өткен жылы сот пен тергеуден қашып жүрген 104 қылмыскерді іздеп тауып, әділетті заңның үстемдік алуына қол жеткізді, – деді.

Генералдың айтуынша, облыстың іргелі елді мекендеріндегі тұрғын үй аула­ларын биыл екінші жыл жаяу пат­руль­дік қызмет күзетеді. Осының арқа­сында көше қылмысы 22%, ал қоғамдық орын­дардағы қылмыс деңгейі екі есе азай­ған.  Өңірде, әсіресе, адам өлтіру, зор­лық-зомбылық жасау, ұрлық, тонау, боп­салау сияқты ауыр және аса ауыр қыл­мыс түрлері едәуір азайғаны байқалады.

Биыл ақпан айының басында облыс поли­цейлері ішімдік ішіп алып рульге отыр­ған жүргізушілерге қарсы ымыра­сыз күрес бастаған. Бас полицей бұл жөнін­де де ақпар бер­ді. Бір ай ішінде тәртіп сақ­шы­лары масаң күйінде көлік жүргіз­ген 197 адамды ұстаған. Оның 138-і 7 жыл­­ға автокөлік жүргізу құқынан айы­ры­­­лыпты. Қалғандарының ісі сот қа­рауын­да жатыр.

 

Қостанай