Медицина • 13 Наурыз, 2020

Кеселдің үлкені – күйзеліс

724 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақылмандар, адам мінезі-құлқының ұңғыл-шұңғылын зерттейтін психологтар, түрлі қиыншылықты жеңуге көмектесетін тре­нингтер қаптаған заманда кісі өзіне неге қол салады? Құдайым-ау, ғаламторды ашып қалсаң да өміріңді ғажап ететін кеңес атау­лының қаншама түрі алдыңнан шығады.

Кеселдің үлкені – күйзеліс

Не десек те, дамудың даңғыл жолына түсіп, уақытты ұрлап келген тұрмыс тауқы­меті­нің көпшілігін техникаға тапсырып, өрке­ниетке ілескен өмір рахатын көрудің орнына өлуді ойлап тұратын өндірдей буын пайда болды.

Ал бұл дерттің атын депрессия дейді. Жұрт алыстан шығып жатқан вирустардың атынан-ақ қорқып отырғанда, суицид деген кесел жылына әлемде 800 мың адамды жалмайтын болса, еліміздегі жалпы суицидтер статистикасы да көңіл көншіте қоймайды. Өйткені өмірін өзі тәрк еткендер саны 2019 жылы 3805 адамға жетіп, 7,4 пайызға көбейді. Әсіресе жасөспірімдер арасында өмірін тәрк еткендер жетерлік.

Жаназасыз өлім сырын зерттеп жүрген мамандар суицидке барудың биологиялық, әлеуметтік және соматикалық 800 түрлі себебін алға тартса, соның басым бөлігін айтудың өзі тіпті түкке тұрғысыз.

Мәселен, өткен аптада ғана зиялы бір отба­сының зияткерлік мектепті бітірейін деп отырған баласы өзін өзі мерт қылды. Екі­нің біріне бұйыра бермейтін беделді мектеп­те оқып жатқан, біреудің көзінің ағы мен қара­сындай жалғыз ұлды ажалға не итермеледі?..

Сол сияқты ақпан айында Ұлыбритания­дағы танымал «Love Island» реалити-шоуы­ның жүргізушісі, даңқты да дәулетті Каролайн Флак бар болғаны 40 жасында өзіне өзі өлімге қиды. Оның қисынсыз ажалына күллі Еуропа таңғалып, сырын таппай дал болғаны белгілі. Айтқандай, өткен жылы Каролайн өзінің жігітімен (ол да атақты теннисші) керісіп қалып, ашумен оны үстел шамымен қойып қалады. Қан шыққан жерге полиция әп-сәтте жетіп келіп, жігітінің Каролайнды ешқандай кінәламайтынына, кешірдім дегеніне қарамастан, қылмыстық іс қозғады. Заңның аты – заң. Ұлыбританияда тұрмыстық зорлыққа кешірім жоқ, екі жақтың өзара мәмілесі қарастырылмаған.

Нәтижесінде кешегі Гарри бекзаданың да сүйіктісі болған, жұлдыздармен мұзда сырға­науда жеңімпаз атанған әйгілі тележүр­гізуші жалақысы тым жоғары жұмыстан қуылады. Қол жұмсаушы тарапынан қысым болмауы үшін жігітімен араласуға тыйым салынады.

Қысқасы, бұрын да депрессиядан емделген Каролайн қайтадан жан күйзелісіне ұшырады. Сырт қарағанда бақытты да көңілді, ақшалы да атақты Каролайн достарымен саяхаттап, әлеуметтік желілерде жақсы мейрамханалар мен дүкендерден пост жазып жүрген, ісі сотқа берілгенде ақыры жүйкесі сыр беріп, асылып тынды.

Егер ол шыдамдылық пен сабыр таныт­қанда, бұл күндер де артта қалатыны аян ғой. Жазықты болса да, адам көтере алмайтын жазаға ұшырамайтыны белгілі еді. Көп болса шартты түрде сотталар еді.

Бұдан шығатын қорытынды – біреу. Адамның ең бірінші жауы – өзінің ойы. Біреулер таудай тауқыметін жеңгенде, енді біреулер түймедейді түйедей қасіретке айналдырып, бас-аяғы бітпейтін қайғыны басына жамап жүреді.

Шындап келгенде мидағы үрей мен қорқыныштың 90 пайызы орындалмаған фобия күйі қалады.

Күллі Еуропаның күйзелетіні де сол, Каролайн мықты болғанда оның даңқы, ақыл-парасаты мен көркі осы күндерінің шығынын қайтарып берген болар еді. Атағы да ақшасын қайтарып алуға жетеді. Осы оқиғадан сабақ алып, өзін жігерлендірсе, керісінше түлеген құстай мансап жолына оралатыны сөзсіз болатын. Талайлардың басында бар кикілжің де ұмыт болар еді.

Өзіне өзі қол салған жалғыз Каролайн емес, мұндай мысалдар жетіп артылады.

Атақты тележүргізушіні алға тартып отырғанымыз, бүгінде суицидке баратындар әлеуметтік қиыншылықтарға тап болғандар, қарызға батқандар, жазылмас дертке душар болғандар, қоғамнан оқшауланғандар... деп жатамыз. Шындап келгенде, Каролайнда осы мәселелердің бірі де жоқ қой. Ақша да, атақ та, сұлулық та, дос та  жетеді. Миллионерлермен, бекзадалармен курорттарда, яхталарда жүзіп, бизнесс-класспен ұшып жүрген бикеш еді.

Сондықтан да жан күйзелісі деген үлкен дерт, адамды біртіндеп жалмайтын кесел екенін айту керек. Қысқасы, депрессия көңіл күйдің құлауы емес – клиникалық диагноз. Сырт қарағанда адамда бәрі де жеткілікті, әлеуметтік желісі ән мен сәнге толы, жетісіп жүргендей болып көрінуі әбден мүмкін, ал ойға кіріп кеткен бұл ауру асқына келе алмай қоймайды.

Не десек те, айналып келгенде адамды мейірім мен сабыр құтқарады.