Қоғам • 13 Наурыз, 2020

Тұрғын үй – түйткілді мәселе

498 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде бір тұрғынға тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 0,71 шаршы метрді (18,3 млн адам) құрап, ТМД елдері арасындағы (Ресей – 0,54 ш.м., Беларусь – 0,40 ш.м., Өзбекстан – 0,36 ш.м.) ең жоғары көрсеткішке қол жет­кізіл­ді. Президент жанындағы орталық коммуникациялар қыз­метінің баспасөз конференциясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов осылай деді.

Тұрғын үй – түйткілді мәселе

Тұрғын үй құрылысының 2019 жылғы қорытындысын және соңғы 3 жылда табысы төмен отбасыларын әлеуметтік баспанамен қамтамасыз етілгені, тұрғын үйге қолжетімділіктің сатысы, сонымен қатар Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мем­ле­кеттік бағ­дар­ла­масының мін­дет­те­рі ту­ра­лы әңгімелеген комитет бас­шыс­ы: «2019 жылы тұрғын үй құры­лы­сына инвестициялар 17%-ға артып, 1,4 трлн теңгені құ­рады. Инвес­ти­ция­лар­дың айтар­лық­тай көлемі «Нұрлы жер» бағ­­дар­ламасы бойынша рекор­д­тық 13,1 млн шаршы метр тұр­­ғын үйді тапсыруға және рес­пуб­­­ликаның тұрғын үй қорын 116 мың баспанаға жаңартуға мүм­­­кін­дік берді. Бұл дегеніміз 44 мың жеке үй (37,5%) мен 72 мың пәтерді (62,5%) құрады», дей­ді.

Оның айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру­дың үш жылында 50 мыңнан астам отбасы (2,9 млн шаршы метр) әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Ал 16 мың азамат «7-20-25» ипотекалық бағ­дар­­ламасының қатысушылары болған. Азаматтарға жеке тұрғын үй салуға бөлінетін 130 мың жер учаскесі инженерлік коммуникациялармен жайластырылған. «Бақытты отбасы» бағдарламасы өткен жылдың маусым айында басталып, 5 мың мүгедек баласы бар, көп балалы және толық емес отбасыларына тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік берген. Ал 2020-2023 жылдары 40 мың отбасына қолдау көрсету жоспарланып отырған көрінеді. Бұл жыл сайын 10 мың отбасын қамтымақ. Бағдарламаның қолжетімділігі үшін аз қамтылған отбасыларға бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттары беріледі.

«Мемлекеттік қаражатты пай­да­ланудың атаулылығын және тиім­ділігін қамтамасыз ету үшін 2019 жылы «Кезекте тұрғандардың бір­ыңғай республикалық электронды деректер базасы» сер­вис­­­тік бағдарламалық өнімі өн­ді­ріс­­тік пайдалануға берілді. Бұл бағдарлама мемлекеттік орган­­дардың деректер базасымен біріктірілген және тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алудың ашық­тығын қамтамасыз етеді», деді Мархабат Жайымбетов.

Сондай-ақ Елбасы жария­лағ­ан Жастар жылы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жұмыс істеп жатқан жастарына тұрғын үй мәсе­лелерін шешу бойынша шара­лар қабылданып, 2019 жылы баспана 3004 қатысушыға беріл­ге­нін де еске салды. «Барлығы 2019-2021 жылдары 9 мың азаматты жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Азаматтардың тұрғын үй мәселесі – мемлекеттің басым міндеті. Қолданыстағы бағ­дар­лама тетіктері арқылы табыс деңгейі әртүрлі қа­зақстандықтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі қамтамасыз етілуде», деді Құры­лыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­­шы­лық істері комитетінің төра­ға­сы.

«Нұрлы жер» бағдар­ла­ма­сы­ның басым бағы­тының бірін егжей-тегжейлі түсіндірген Мар­­х­абат Жайымбетов: «Мем­ле­­кет басшысының тапсырмасы бойынша үш жыл ішінде әсі­ресе аз қамтылған көп балалы отбасыларды баспанамен қам­­та­масыз етуді жоспарлап отыр­мыз. Бұл үшін тұрғын үй заңдарына заңнамалық түзетулер енгізілді. Осылайша «Нұрлы жер» бағдарламасы бо­йынша қаржыландыру тетіктері көзделді. Осы санаттағы 40 мыңнан астам кезекте тұрғандардың ішінде 2019 жылы түрлі тетіктер бойынша 7 387 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді», деді.

Мархабат Жайымбетовтың түсіндіруінше, «Бақытты отбасы» бағдарламасы 2 күнкөріс минимумына дейінгі табысы бар (62,4 мың теңге) кезекте тұр­ған­дар­ға қолжетімді (көп балалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасылар). 3,1 күнкөріс минимумына дейін табысы бар кезекте тұрғандар (96,7 мың теңге) «5-20-25» бағдарламасы бойынша әкімдіктердің кредиттік тұрғын үйлерін алады (әскери қызметшілер, бюджетшілер, мем­ле­кеттік қызметкерлер).

Ал 3,1 күн­көріс минимумы­нан астам табысы бар азамат­тар үшін «7-20-25» бағ­дар­ла­масы қолжетімді. 5 күн­­кө­ріс деңгейінен асатын (156 мың теңге) табысы бар адамдар бастапқы және қайта­ла­ма тұр­­ғын үй сатып алу үшін қол­да­­ныс­тағы нарықтық өнім­дер­ді пай­­да­лана алады.

«Жаңа тұрғын үй көлемдерін қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылы 15 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй мен 150 мың пәтер салу міндеті тұр. Мемлекеттік инвес­тиция шеңберінде 1,3 млн шаршы метр немесе 23 мың пәтер. Тұрғын үй қорын тиісті деңгейде ұстау және азаматтардың тұр­уы­на қолайлы жағдай жасау үшін көп пәтерлі тұрғын үйлер­ді күр­де­лі жөндеу бойынша шара­лар­ды қарастырамыз. Бүгін­де рес­пуб­ликаның тұрғын үй қо­рын­да 80 мыңнан астам көп пәтерлі үй бар, оның ішінде 18 мың үй күр­де­лі жөндеуді қажет етеді», деді комитет төрағасы. 

2011-2015 жылдары тұрғын үй­лерді күрделі жөндеуге рес­­­пуб­ликалық бюджеттен 33,6 млрд теңге бөлінген. Яғни
2 338 көп пәтерлі тұрғын үй жөн­дел­ді. Қай­тарымды 6,6 млрд теңге есебінен қосымша 501 үй жөн­делді. 2020-2021 жылдары өңірлерге 30 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл 700 үйді жөндеуге мүмкіндік береді.

Мархабат Жайымбетов нор­ма­тивтік-құқықтық мәселе­ле­ріне тоқталды. 2019 жылы тұр­ғын үй заңнамасын жетілдіру бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Заң деңгейінде «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидаты бо­йынша «Мүлік иелерінің бір­лес­­тігі» коммерциялық емес ұйы­мы­ның жаңа формасын құру жо­лымен үйді басқару көзделген. «Ұсынылып отырған қағидат әрбір көп пәтерлі тұрғын үйді басқару бойынша жеке тәсілді қарастырады және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерінің өзара қарым-қатынасын реттеуге мүмкіндік береді. Тұрғын үйлерді одан әрі күрделі жөндеуді қамтамасыз ету үшін жинақтау жүйесі енгізілді
(1 ш.м үшін 13,3 теңге - 0,005 АЕК)», деді М.Жайымбетов.

Басқару органдары қыз­меті­нің ашықтығы артады, сондай-ақ үй-жайлардың меншік иелері тарапынан басқару органдарына бақылау және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде қауіпті техникалық құрыл­ғы­ларды, газ және газбен жаб­дық­тау объектілерін қауіп­сіз пайдалану бойынша норма­лар көзделген. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс коопе­ра­тив­те­рінің қызметі және қаражат алу тетігінің ашықтығы реттел­ген. Әзірленген түзетулер өткен жылдың соңында қабыл­да­нып, ағымдағы жылдың
7 қаңтарынан бастап күшіне енді. Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында қазіргі заманғы технологияларды қолдану арқы­лы салынып жатқан тұрғын үйдің сапасына және оларды зияткерлік басқару жүйелерімен жарақтандыруға қойылатын талаптар артылады. Бұл үшін Е-QURULYS құрылысы сапасын бақылаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізіледі. «Халыққа қолайлы жағдай жасау мақ­сатында қазіргі заманғы техно­логияларды қолдану арқы­лы салынып жатқан тұр­ғын үй­дің сапасына және олар­ды зият­керлік басқару жүйе­лері­мен жарақтандыруға қойы­ла­тын талаптарды арттырамыз. Ол үшін Е-QURULYS бас­па­на құрылысының сапасын бақылаудың бірыңғай ақпараттық жүйе­сін енгіземіз. Осы жүйе бо­йын­ша шынайы уақыт режімінде құрылыс нысанынан видеотранс­ля­цияны байқауға болады», деді ко­митет төрағасы.

Құрылыс процесіндегі жасырын жұ­мыстар, мысалы, іргетас пен колон­налардағы арматуралау тек бел­сендіріліп қана қоймай, фото және бейне форматтарда да сақталады. Құрылыстың барлық хронологиялық тарихы ұзақ жылдар бойы қолжетімді болады. Сондай-ақ объектілерді пайдалану және халыққа қызмет көрсетудің ашықтығы мәселелері шең­берінде Е-SHANYRAQ бі­рың­ғай ақпараттық жүйесі енгізі­ле­ді. Комитет басшысының айтуынша, жаңа технологияларды, инно­вация­ларды, тетіктерді енгізу құрылыс саласында және тұр­ғын үй-коммуналдық секторда сала­ның ашықтығын, құрылыс сапасын, халық үшін жайлы және қауіпсіз өмір сүру ортасын қам­та­масыз етеді және жеке инвес­тицияларды тарту үшін жағдай жасайды.