Аймақтар • 13 Наурыз, 2020

Түркістан: 101 елді мекенде ұялы байланыс жоқ

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысындағы 838 елді мекеннің 101-інде ұялы байланыс жоқ. Бұл орайда облыстық Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы салалық министрлікпен бірлесе атқарған жұмыстар нәтижесінде Beeline байланыс операторы жыл соңына дейін 82 елді мекенге ұялы байланыс арнасын енгізбек.

Түркістан: 101 елді мекенде ұялы байланыс жоқ

Сондай-ақ биыл өңірде түрлі салаларды цифрландыру мақсатында 29 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Өткен жылы облыс көлемінде цифрландыру саласы бойынша 17 жоба іске қосылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы Елнұр Өтебаев мәлімдеді. Өткен жылы басқарма тарапынан қосымша 33 жаңа мемлекеттік қызмет автоматтандырылған. Нәтижесінде облыстағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 91,2%-ы электронды жүйеге еніп отыр.

Биыл жыл соңына дейін 177 ауылдық округте электрондық құжат айналым жүйесі енгізілмек.

«Облыста оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Қазақтелеком» АҚ арқылы Түркістан және Арыс қалаларының 11 мектебінде бейнекамералар орнатылып, «Қауіпсіз мектеп» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Арыс қаласында 6 мектепке 135 бейнекамера, Түркістанда 6 мектепке 162-сі орнатылды. Бұдан басқа, облыс орталығындағы №13 Науаи атындағы мектепке демеуші есебінен бір IT-сынып және бір STEM панель қойылды. Түркістан қаласындағы №27 мектепте турникет орнатылып, оқушыларға арнайы идентификациялық карточкалар таратылды. Сондай-ақ Е-кітапхана жүйесі пилоттық жобада енгізілуде» деді Елнұр Рахымбердіұлы.

Басқарманың ұйымдастыруымен биыл Түркістан және Кентау қалаларының 3-D модельдері құрылады және аэрофотосъемка жұмыстары толық аяқталмақ. Бұдан бөлек, қосымша салық түсімдерін арттыру мақсатында, цифрландыру құрылғыларының көмегімен арнайы алгоритм дайындалған.

 

Түркістан облысы