Аймақтар • 13 Наурыз, 2020

Көше мәдениеті де, көлік жүргізу тәртібі де төмен

492 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Петропавл қаласында патрульдік полицейлер 4400-ден астам құқық бұзушылық анықтаған. Бұл 220 мыңдай ғана халқы бар қала үшін өте үлкен көрсеткіш.

Көше мәдениеті де, көлік жүргізу тәртібі де төмен

Мұның ішінде қылмыс жасағандар ғана емес, жол тәртібін бұзушылар, көше ережесін елемеушілер, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтушілер де көп. Осының өзі қала тұрғындары арасында көше мәдениетінің төмен екендігінің белгісі. Бұл - мектеп және басқа да оқу орындарының балалар мен жасөспірімдерге көше мәдениетін егу дәрежесінің нашар деңгейін көрсетеді. Өкінішке қарай, ересектер арасында да қала мәдениетінің төмендігі байқалып қалады. Бірде біреу дәл алдымызда кетіп бара жатқан жүк машинасы терезесінен жыртылған пакетті лақтыра салды. Оның ойынша көше-дала, ал далаға барлық қоқысты лақтыра салуға болады. Міне, осының өзі мұндай жүргізушіге көше мәдениеті мүлде таныстырылмағанының белгісі. Тіпті, ашық далаға да қоқысты кез келген жерге тастай салуға болмайды ғой. Ондайдан бұл жүргізуші мүлде бейхабар екені сезіліп тұр. Жүргізуші куәлігін берерде жол полициясы жол тәртібімен қатар көше мәдениеті жөнінде де сұрақтар беруі керек сияқты. Сонда тым болмаса қалада жүрудің, көше мәдениетінен кейбір жүргізушілер хабар алған болар еді.

Тек қатаң талап қана біздің адамдарымызға көше мәдениетін орнықтыра алады. Бір жылдары Нұр-Сұлтан қаласында арнаулы жер емес, көшенің кез келген жерінде темекі бұрқыратқаны үшін айыппұл салынатын. Соның арқасында көшеде темекі қалдығы мүлде азайғандығы айтылып еді. Осы тәртіпті барлық облыс орталықтары да қолға алғаны жөн.  

Жоғарыда Петропавл қаласындағы біз айтқан патрульдік полиция анықтаған 4400 құқық бұзушылықтың ішіндегі 49-ы–қылмыс. Олар тиісті полицияның тиісті бөліністеріне беріліп, қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, Қызылжарда тәулік бойы 90-нан аса патрульдік полиция кезекшілікке тартылады. Олар 10 автопатрулдік көлікпен, 6 «Модуль» бекеті, қалғандары жаяу жасақтар түрінде  патрульдік қызметтер атқарады. Бірақ қала тәртібін осы қызметтің бақылауына ғана беріп қоюға болмайды. Жергілікті билік тарапынан қалалықтардың мәдениетін арттыру шаралары қолға алынбаса, күніне 200 патруль шығарсаң да құқық бұзушылықты құрықтай алмайсың.

Патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция подполковнигі Болат Жұмағазин ашылған қылмыстардың басым бөлігін ұрлық құрайтынын айтты. Саяжайлар мен көліктерді тонау, бұзақылық фактілері бойынша қылмыскерлерді патрульдік полицейлер «ізін суытпай» ұстайды екен. Жол қауіпсіздігі желісі бойынша бұзушылықтар көп жағдайда жаяу жүргіншілер тарапынан жасалады, сондай-ақ жүргізушілердің қауіпсіздік белдігін тақпауы мен жол жүріп келе жатып рөлде телефонмен сөйлесуі сияқты бұзушылықтар да жиі орын болып жатады. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзушылар арасында масаң күйде жүрген, абаттандыру ережелерін бұзған және ұсақ бұзақылық жасағандарға қатысты хаттамалар жиі толтырылады.

Демалыс және мереке күндері патрульдік полицейлер учаскелік полиция инспекторларымен және полиция кешенді күштерінің басқа да жасақтарымен бірге қызметті күшейтілген режімде өткерген. Соның арқасында өткен мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтарының тыныштығы, қауіпсіздігі қамтамасыз етілген.

Айта кететін жайт, облыстық Полиция департаменті штабының ақпаратына қарағанда мереке күндері (7-9 наурыз күндері) Петропавл қалалық Жедел басқару орталығының «102» нөміріне 1369 түрлі хабарлама келіп түскен. Оның ішінде 34 – қылмыстық, 95 - әкімшілік құқық бұзушылық, 166 – түрлі оқиғалар, сондай-ақ анықтама сипатындағы 1000 қоңырау келіп түсті. Қалалық Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен қылмыстың ашылуына ықпал еткен 4 факті анықталып, 129 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

 

Солтүстік Қазақстан облысы