Аймақтар • 13 Наурыз, 2020

Қостанай облысындағы 167 ауылда мектеп жоқ

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникация қызметінде БАҚ өкілдерімен кездескен Қостанай облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Орал Қаппасов: -  167 ауылдық елді мекенде білім беру ұйымдары жоқ. Бұл елді мекендерде мектеп жасындағы 1538 бала тұрады. Олар көрші ауылдардағы мектептерге арнайы бөлінген автобуспен қатынап оқиды. Техника паркі жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатта 2022 жылға дейін 30 автобус сатып алу жоспарда бар, - деді.

Қостанай облысындағы 167 ауылда мектеп жоқ

Басқарма басшысының айтуынша, облыста 47 мектеп күрделі жөндеуді талап етеді. Оған жалпы сомасы 14 млрд теңге қаржы керек. Биыл 3 млрд теңге қаржыға 15 мектепті жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Облыста 3 мектеп апатты жағдайда тұр. Алдағы уақытта бұл ғимараттардың орнына әрқайсы 320 орындық 3 жаңа мектеп салынбақ. Бүгінде бірінші мектептің құрылысы басталып та кетті. Былтыр Әулиекөл ауданына қарасты Аманқарағай ауылында апатты жағдайда тұрған ескі мектептің орнына жаңа мектеп салына бастаған. Оның құрылысы биыл шілде айында аяқталмақ. Қалған екі мектеп 2023 жылға дейін салынып, пайдалануға беріледі.  

Орал Қаппасов алдағы уақытта мектепке дейінгі білім беру саласын дамыту бағытында да қыруар шаруа күтіп тұрғанын айтты. Облыста Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы 4 жыл ішінде жалпы саны 2750 орындық  26 балабақша іске қосылып, 125 шағын орталық толық жұмыс күні тәртібіне ауысқан. Соған қарамастан, бүгінде облыс бойынша 17 мың бала балабақша кезегінде тұр. Өңірде 183 балабақша, 408 шағын орталық бар. Мұнда жұмыс істеп жатқан тәрбиеші-ұстаздардың көбі мамандығы бойынша бейінді педагогикалық білім алмаған.

 

ҚОСТАНАЙ