Аймақтар • 15 Наурыз, 2020

«Жолда қабылдау» жүріп жатыр

215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстікқазақстандық полицейлер «Жолда қабылдау» республикалық акциясы аясында азаматтарды қабылдап, олардың сұрақтарына жауап беруде. Азаматтар сұрақтарын облыс орталығында және өңірдің барлық 13 аудандарындағы полиция бөлімдерінің фронт-офистерінде, Nur Otan партиясының филиалдарында, сондай-ақ, Сall-орталықтар мен WhatsApp мессенджерінде қоя алады.

«Жолда қабылдау» жүріп жатыр

Тәртіп сақшылары тұрғындардың сұрақтарын тыңдап, полиция ведомствосының әлеуметтік желілердегі Facebook пен Instagram парақшаларындағы тікелей эфир кезінде қолданушыларға кеңестерін берді. Полицейлермен бірге солтүстікқазақстандықтардың сұрақтарына жауап беру үшін Солтүстік Қазақстан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Самат Бәрменбаев пен СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кедендік бақылау бөлімінің бастығы Дмитрий Осипов та қатысты.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуынша, кең ауқымды «Жолдау қабылдау» акциясы ай сайын, екі күн бойы өткізіледі. «Бүгінгі қабылдауымыз ҚР ішкі істер министрінің бастамасымен 2019 жылдың сәуір айынан бастап жаңа формата өткізіліп келе жатқан акцияның он екінші кезеңі. Өткен жылы «Жолда қабылдау» акциясы шеңберінде СҚО Полиция департаментіне 4 мыңнан астам түрлі тақырыптағы сұрақтар келіп түсті», - дейді Қанат Айтбаев.

Мағжан Жұмабаев ауданында 30 жыл бойы құжатсыз тұрып келген апалы-сіңлілі үш әйел осы «Жолда қабылдау» акциясы кезінде алғаш рет құжаттар алды. Олар Ресей Федерациясынан Қазақстанға 1990 жылы қоныс аударған екен. Ауылды жерде тұрып келген Нұғымановалар құжаттардың келешекте қажет болатындығына мән бермепті. Енді олар «Жолда қабылдау» акциясы барысында СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаевқа жүгінген. Осы уақытқа дейін құжат ала алмау себебі - туу туралы куәліктері жоғалып, Ресей тарапынан қажетті жауаптың келмеуі екен. СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Ресейдегі Қазақстан елшілігі мен адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюромен байланысқа шығып, Нұғымановалардың мәселесін шешіп берді. Қазір Дариха, Кәмеш және Дәния есімді үш Нұғыманова жеке куәліктерін алуға жолдама алды. Олардың полицияға айтар алғысы шексіз.