22 Тамыз, 2013

Туризмнің түрленер түрі бар ма?

398 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Шетелдерде демалып жүр талай қазақ баласы. Осылайша өлеңдете сөйлесек, «ойпырым-ай, қазақтың қалтасы қалыңдаған екен-ау» дейтін болар кейбіреулер. Бірақ қазір керісінше, шетелде демалатындардың көпшілігі байығандар емес, қазақстандық туризмге налығандар болып отыр. Олай дейтініміз, біздегі демалыс орындарының бағасы шетелдегілерден әлдеқайда қымбат, ал қызмет көрсету сапасы нашар. Инфрақұрылым құрдымда. Діттеген демалыс орнына жетудің өзі қиямет. Жолақысын былай қойғанда, жол азабы тағы бар. Иә, туризм турасында сөз қозғасаң, көпшілік көңілсіз отырып айтатын әңгіменің сиқы осындай. Сонда қалай, туризмді дамытуға деп қаншама қаржы бөлініп, бағдарламалар қабылданып жатса да туризміміз түрленіп, түлемегені ме?! Осы ойдың жетегімен біз де туризм тақырыбын азды-көпті қаузап көрдік... Шетелдерде демалып жүр талай қазақ баласы. Осылайша өлеңдете сөйлесек, «ойпырым-ай, қазақтың қалтасы қалыңдаған екен-ау» дейтін болар кейбіреулер. Бірақ қазір керісінше, шетелде демалатындардың көпшілігі байығандар емес, қазақстандық туризмге налығандар болып отыр. Олай дейтініміз, біздегі демалыс орындарының бағасы шетелдегілерден әлдеқайда қымбат, ал қызмет көрсету сапасы нашар. Инфрақұрылым құрдымда. Діттеген демалыс орнына жетудің өзі қиямет. Жолақысын былай қойғанда, жол азабы тағы бар. Иә, туризм турасында сөз қозғасаң, көпшілік көңілсіз отырып айтатын әңгіменің сиқы осындай. Сонда қалай, туризмді дамытуға деп қаншама қаржы бөлініп, бағдарламалар қабылданып жатса да туризміміз түрленіп, түлемегені ме?! Осы ойдың жетегімен біз де туризм тақырыбын азды-көпті қаузап көрдік...

Турагенттіктер емес, «Құр агенттіктер»

– Алло, турагенттік пе? Маған Қазақстан ішінде демалыс орындары жайында ақпарат керек еді, дей бергенімде тұтқаның арғы жағынан «Кешіріңіз, бізде Қазақстан турлары жоқ!» деген орыс қыздың саңқылдаған дауысы бүкіл үмітімді үзгендей болды. Орыс деймін-ау, кім білген қай ұлт екенін, әйтеуір турагенттіктердің тілі өңкей орысша екен. Хабарласқан қайсысының да қатырып қазақша сөйлегені болған жоқ. Сайттарының сиқы да сол, қазақшадан мүлде мақұрым. Турагенттіктерді айтамыз-ау, елдің білдей бір туризм комитеті сайтының да тілін «түлен түрткендей», жартылай қазақша, жартылай орысша, ала-құла. Ал Қазақстан туристер ассоциациясы сайтында қазақша мүлде жоқ. Иә, туризмді дамытуға да ұлттық рух пен елге деген шынайы жанашырлық қажет-ақ болса да тіл тағдырын әзір қоя тұралық, ол өз алдына бөлек, үлкен әңгіме. Сонымен, Қазақстан туризміне үлес қосып, елді әлемге танытпақшы ниеттегі Visitkazakhstan.kz сынды әжептәуір интернет-порталында көрсетілген турагенттіктер тізіміндегі бірнеше агенттікке хабарласып шықтым. Жауап жоғарыдағыдай. «Қызық» қылғанда, ешқайсысының Қазақстанда шаруасы жоқ. Атауларына шетінен «тrаvel» деген ағылшын тілін тіркеп алған агенттіктер (мәселен, «Отрар Трэвел Астана», «Apple Трэвел», «Тrаvel system», «Астана Бест Трэвел» т.б.) қазақтарды тек шетелге апарумен ғана айналысады екен. Ал керек болса. Мен өз елімде демалғым келген еді, енді қайттім?! Бүйткен турагенттіктері өздерімен кетсін. Сонда бұлар ел туризмін дамытушы емес, шетел туризміне «тәбәрік» жасап отырған, біз үшін жай, бос, құр агенттіктер екен-ау дегеннен басқа амал болған жоқ.

Келушілердің бәрі турист емес

Жасыратыны жоқ, қазақ турфирмалары әлі күнге дейін шетелге турист жөнелтумен ғана шұғылданып отыр. Ал дерек көздері елге келетіндер мен шетелге кететіндердің арасында 6-7 есе айырма бар екендігін алға тартады. Бұл ретте, біздің елге келушілердің саны аз болғанымен қоймай, олардың көпшілігі турист емес, қызмет бабымен келгендер болуы да мүмкін. Мысалы, ресми билік орындарының есебінше, іскерлік, кәсіби немесе коммерциялық мақсаттармен сапар шеккен, демалысқа, қонаққа, емделуге, киелі орындарға барған адамдардың бәрі саяхатшылар. Бұл қисынға жүгінсек, Қазақстанда өтіп жатқан халықаралық жиындарға, конференция, форумдарға келген қонақтар, журналистерді, үкіметтік емес ұйым өкілдерін де саяхатшы деуге тура келеді. Деректер көзі өткен жылы елімізге сырттан 5 млн.-нан астам адам келгенін айтады. Ал бұл біздің елге келушілер санының артқанын көрсеткенімен, туризмнің дамығанын айқындай алмайды. Әрине, біздің турагенттіктерге туризмнің кез келген түрін қабылдай алатын, бағасы да аса қымбат емес және қызмет көрсету саласы жоғары шетелдік турларды жарнамалаған оңтайлырақ болуы мүмкін. Олар бүгінде қазақстандықтарды шетелге шығаруға барынша тырысып бағуда. Ал бұл Қазақстаннан елеулі қаржының сыртқа кетуіне себепші. Негізінен біздің қазақ демалудан ешбір елден кенде емес. Испания, Италия, Дубай дейсіз бе, Грекия, Гавай аралдарын, Тайланд, Түркияны да түгендеп болған «қыдырымпаз» қазақтардың қатары қалың қазір. Осы себептен де өзгені қойып, өз жұртымыздың жағдайын жасап, өз елімізде демалтудың қамын қылсақ, қазақстандық туризмнің «қамбасы» толар ма еді... Әрине, ешкімді қинап, шетелден шектеп, өз елімізде қалдыра алмаймыз, ол үшін тек бәсекеге қабілетті, бағасы, сапасы жақсы, инфрақұрылымы дұрыс демалыс орындары қажет.

Қонақжай едік қой...

– Алло, бұл Баянауыл ма? Турагенттіктерден түк шықпаған соң, сол сайттағы Қазақстан турлары деген бөлімнен әрбір бағыттарды жекелей ашып, әйтеуір ақтарып отырып тауып алған телефонға қоңырау шалдым. Баянауылға барғым келгенін айтып, қонақ үйдің бағасын білдім. Бір күнге – 10 800 теңге, тамақ өздеріңізден, дейді. Оған қоса, қай қалада отырғаныңа қарамастан ол жерге өзің жетуің керек. Арнайы көлік дегендер жоқ. Біздің демалыс орындарындағы бас­ты проблема осы – қалай жетсең, олай жет, аш қалып жатсаң, тағы өзің білесің. Қызмет көрсету жағдайы төмен деген сөз осыдан келіп шығады. Ал шетелдерде туристерді чартерлік ұшақпен өздері алып кеткенімен қоймай, барған соң да қолыңнан жетелеп отырып, дайын тұрған автобустарына отырғызып, одан қалды қонақ үйге жеткен соң бір-бір гид қызметшіні саған жауапты етіп қоятындары қызықтырады. Ал қазір туризм саласы бойынша жақсы дамыған елдердің бірі Түркияда тіпті күні бойғы ішіп-жемің тегін, яғни басында сатып алған жолдамаңның құнымен есептеледі. Біздің елде жол қашықтығының өзі қажытып жібереді. Себебі, арнайы ұшақ, не дайын автобус болмаған соң, бұрын-соңды көрмеген жеріңе шаршап-шалдығып жетудің өзі қиямет-қайым. Иә, айта берсе олқылықтар жетіп артылады. Ең бастысы, табиғат байлығы, тарихи жәдігерге толы даласы бар қазақ дәл осы қызмет көрсету жағынан келгенде ақсап тұр. «Жібекті түте алмаған жүн етеді» дегендей, туризмге сұранып тұрған ел байлығын ұқсата алмай отырғанымыз өкінішті, әрине. Қонақжай халық едік қой, бірақ сол қасиетімізді қазір туризм саласына сіңіре алмай отырғанымызды қайтерсің...

Алыс та болса Анталия арзан

– Алло, кешіріңіз, мен шетелге.., дей бергенімде, сөзімді аяқтатпастан: «Иә, сізге шетелге «күйіп бара жатқан» турлар қызықтыра ма? Бізде дәл қазір бар, жылдамдатпасаңыз құр қаласыз, үш күннен кейін ұшасыз, брондай берейін бе.., деп «көптен көрмеген көкесі» хабарласқандай әлгі орыс тілді қызым қуанып қалды. Бағасын салыстырып көрмек болып, ана-мынаны сұрастырып едім. Шынымен де, әлдеқайда арзан. 5 жұлдызды қонақ үйге 10 күнге демалысқа бару үшін, барып-келу жол шығынымен, 5 мезгіл тамағымен қосқанда Анталияға 116 мың болып шықты. Ал біздің елде қонақ үйлер бағасы біршама қымбат. Мәселен, Бурабайда жақсы деген қонақ үйлердің ең арзан нөмірі бір күнге 25-30 мың теңге болса, люкс нөмірлер 60 мыңның үстінде. Ал оның өзіне таңғы астан өзге тамақ кірмейді. Ақтауда 5 жұлдызды қонақ үйлер 30-35 мың теңге, тіпті одан да қымбат десе, Астанадағы Пекин палас отелінің бір кісілік ең арзан нөмірі бір күнге – 64 000 теңге, ең қымбаты 200 мыңның үстінде, Radisson – 76700, ең қымбаты 139 мың, Ramada Plaza – 60500, ең қымбаты 140 мың шамасында.

Қолдаудан кенде емес

Шынын айту керек, Қазақстанда туризмді дамытуға бүгінде аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Тіпті, өткен жылы арнайы туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданып, бұл саланы түрлендіруге барынша күш салынуда. Ал оған дейін 2010-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама орындалды. Соның нәтижесі болар, әйтеуір 2012 жылы Қазақстан Бүкіләлемдік рейтингте бес көрсеткішке жоғарылап 88-орынға жетті. Ол рейтингте үш жылдан бері басты орынды бермей келе жатқан Швейцария болса, одан кейінгі орындарға Германия, Австрия, Франция, АҚШ, Швеция, Ұлыбритания, Канада, Сингапур және Испания жайғасты. Ал Ресей 59-шы орында екен. Бізге 88-орыннан көтеріліп, осы елдердің қатарына жақындауға әлі талай қажыр-қайрат керек-ақ. Бірақ біздің туризмді дамыту бағдарламамызда қамтылған іс-шаралар легі, елімізде туризмнің түрленер кезеңі соншалық алыс емес екендігін айтады. Мәселен, осы бағдарламаны Үкімет мүшелеріне таныстырғанда Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев тұжырымдамада 5 ұлттық туристік кластер анықталған, оның ішінен 4 ұлттық және 20-дан астам өңірлік жобалар іріктеліп алынды, деген болатын. Тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі – жаңа жұмыс орындарын құру екенін айтып, оны жүзеге асыру барысында туризм саласы мен оған жанама салаларда жұмысқа тартылатындар санын бірнеше есеге арттыру жоспарлануда. Туризм саласы дамыған Малайзия, Сингапур, Испания және тағы басқа әлем елдері тәжірибелері көрсеткендей, бұл тұжырымдаманың сәтті іске асуы мен туризмнің серпінді дамуында мемлекеттің рөлі кепіл болып табылады, деген еді. Лайым солай болғай. Ал біздің ағайындар болса мемлекеттік қолдаудан кенде болмай отырған туризмнің түрленер шағын күтумен жүр... Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар

Шайдоров әлемдік БАҚ назарында

Олимпиада • Бүгін, 12:06