Аймақтар • 16 Наурыз, 2020

Автобус музей қызметін атқарады

245 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайдағы облыстық тарихи-өлкетану музейі жергілікті автобус паркінің қолдауымен Жеңістің 75 жылдығына арналған ерекше акцияны қолға алды.

Автобус музей қызметін атқарады

Облыс орталығында жүретін №18 автобустың екінші қа­батына «Жеңіске жол» та­қы­рыбын қамтитын экс­понат­тар қо­йылып, музей қызмет­кер­лері жолаушыларға әр жә­дігер­дің тарихын, қаһарман қос­та­­най­лықтардың майдандағы ер­лігін баян етеді. Тарихи-та­ным­дық мәні зор экспозиция қа­ла көшелерін айына бір рет мамырдың соңына дейін аралайды.

Осымен екінші рет жол­ға шыққан көлік-музей жолау­шыларға қостанайлық майдан­герлердің туыс-туғандарына жаз­ған сағынышқа толы хат­та­рының көшірмелерін үлестіріп, тарихын әңгімеледі. Бүгінде сарғайып, жазуы көмескі тарта бастаған майдан хаттары Отанға, туған жер мен ата-анаға, бауыр-қарындасқа деген ыстық сүйіспеншілікке то­лы. Үшкіл хаттарда «мен тірімін» немесе «ұрысқа кіргелі тұр­мыз» деген тіркестер жиі кез­­деседі. Әсіресе қаһарман ұш­қыш Иван Павловтың Шығыс Прус­сиядан жазған хаты ерекше әсер қалдырады. Майдангер 2 бет қағазды ата-анасы мен ба­­уырының, елдің жағдайын сұ­раумен толтырған. Хат соңын­да «Мен Кеңес Одағының Батыры ата­ғын 2-ші мәрте алдым», деп қысқа ғана қайырады.

1942 жылы соғысқа Меңді­ғара ауданынан аттанған Юрий Гвоздевтің хаты да ерекше.

– Ол өзінің бір хатында соғыс аяқталған соң теңіз училищесіне оқуға түскісі келетінін баяндаған. Бірақ, өкінішке қарай, соғыста қаза тауып, арманы орындалмай қалды. Музей қорында Юрий Гвоздевтің қарулас доста­ры­ның майдангердің інісіне жаз­ған қаралы хат бар, – дейді мұ­ра­­жайдың бөлім меңгерушісі Бақыт­гүл Мұратбекова.

Өлкетану музейінің қорында майданнан келген 100-ге жуық хат сақталған. Өлеңмен жазылған хаттар да кездеседі. Оларды тол­­қымай оқу мүмкін емес. От пен оқтың ортасында қаза тап­қан жауынгерлердің жүрек тұ­сындағы қойын қалтасынан шық­­қан хаттар бүгінде мұражай қо­рының құнды жәдігеріне ай­налған.

 

ҚОСТАНАЙ