Күні кеше Нұр-Сұлтанда өткен коронавирусқа қатысты баспасөз-мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов: «Ел ішінде жоспарланып қойған бірнеше жарыс бар екені белгілі. Атап айтар болсақ, «Барыс» хоккей клубы қатысып жатқан Гагарин кубогы, футболдан ел чемпионаты және тағы басқа жарыстар. Дегенмен ойындар жоспар бойынша өтеді, бірақ көрерменнің баруына тыйым салынады. Бұл халықаралық тәжірибе. Барлық еуропалық елдерде ірі командалар ойнап жатыр, бірақ көрермендер жоқ. Бізде де осындай шешім қабылданды», деді.
Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы да футбол, футзал, әйелдер футболы, балалар мен жасөспірімдер, бұқаралық футбол, ардагерлер арасындағы жарыстарды, сонымен қатар білім беру семинарлары мен әртүрлі форумдарды өткізуді тоқтату жөнінде шешім қабылдады.
Қазіргі таңда шетелде жарыста жүрген отандастарымыз да елге оралып жатыр. Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің таратқан ақпараты бойынша, садақ атудан Қазақстан құрамасы Тайландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан Азия кубогының финалдық кезеңіне қатыспай, елге оралады. Жерлестерімізден Диана Макарчук алтын, Ақбарәлі Қарабаев қола жүлдеге таласуы тиіс еді. Ал командалық аралас сында қазақстандықтар финалға жолдама алған болатын. Сонымен қатар Халықаралық теннис федерациясы Қазақстан мен Аргентина арасындағы Федерация кубогының плей-офф ойындарын белгісіз мерзімге шегерді. Аталған жарыс 17-18 сәуірге жоспарланған еді.
Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу және сақтық шарасын үдету мақсатында дзюдодан шетелде және Қазақстанда өтетін бірқатар жарыс кейінге шегерілді. Ал Халықаралық дзюдо федерациясы Олимпиадалық циклді тағы бір айға созды. IJF күнтізбесіндегі соңғы өзгертулерде Олимпиадалық цикл 30 маусымға дейін созылған. Ал құрлықтық жарыстар, жасөспірімдер мен жастар арасындағы турнирлер 30 сәуірге дейін өтпейді. Таэквондодан Қазақстан құрамасы Бельгияда өтетін рейтингтік «Belgian Open G-2» турниріне қатыспайтын болды. Ал сәуірде Иорданияда жоспарланған таэквондодан Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирі де кейінге қалуы мүмкін. Фристайл-могулдан Идре Фьелле (Швеция) аймағында жоспарланған әлем кубогының соңғы кезеңі өтпейтін болды. Бұл туралы Халықаралық шаңғы спорты (FIS) түрлері федерациясы хабарлады. Бұл Қазақстандағы және қазақстандық спортшылар қатысатын жарыстар. Ал шетелдегі ішкі жарыстар сәуірге дейін өтпейтін болды.
Атап айтар болсақ, футболдан Еуропадағы ТОП-5 чемпионат матчтары тоқтатылды. Италия чемпионаты 9 наурыздан 3 сәуірге, Испания чемпионаты 12 наурыздан 2 аптаға, сонымен қатар Франция мен Англия біріншілігі де 4 сәуірге дейін тоқтатылды. Ал Бундеслига командалары әзірше бұл апта демалады.
17-18 наурызда өтуі керек болған Чемпиондар лигасындағы «Манчестер Сити» – «Реал», «Ювентус» – «Лион», «Бавария» – «Челси», «Барселона» – «Наполи» ойындары белгісіз уақытқа ауыстырылды. Еуропа лигасындағы «Севилья» – «Рома» және «Интер» – «Хетафе» матчтары да кейінге шегерілді.
Басқа спорт түрлерінен Ұлттық хоккей лигасы 12 наурызда, 11 наурызда Ұлттық баскетбол лигасының ойындары тоқтатылды. Теннистен ATP жарыстары 12 наурыздан бастап 6 аптаға дейін, ITF – 20 сәуірге дейін шегерді. Су полосы бойынша Олимпиадаға іріктеу турнирі мамырға, сәуірде Мәскеуде өтуі керек болған ауыр атлетикадан Еуропа чемпионаты шілдеге қалдырылды.
Биыл жаз айында өтуі керек болған футболдан Еуропа чемпионатының тағдыры ертең белгілі болады. Ал Токио Олимпиадасы мен сәуірде өтетін Хабиб Нурмагомедов пен Тони Фергюсон арасындағы UFC 249 жекпе-жегінің тағдыры уақыт еншісіне қалдырылды.
Ал «Ювентус» қорғаушысы Даниэле Ругани 11 наурыз күні коронавирус инфекциясына шалдыққан алғашқы футболшы ретінде тіркелді. Сонымен қатар АПЛ клубтарының біразынан коронавирус белгілері анықталды. «Лестер» бас бапкері командасындағы үш ойыншыдан коронавирус табылғанын мәлімдеді. «Челси» шабуылшысы Каллум Хадсон-Одои мен «Арсенал» клубының бас бапкері Микель Артетада вирус анықталған. «Эвертон» және «Борнмут» клубының бір-бір футболшысынан коронавирус табылған. Қазіргі таңда бұл клубтар карантинге жабылған.