22 Тамыз, 2013

Жаңа емханалық кешен ашылады

329 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үстіміздегі жылдың қараша айында Астана қаласының Сарыарқа ауданы аймағында бір ауысымда 750 адамға медициналық қызмет көрсететін жаңа амбулаториялық-емханалық кешен пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы.

 

Үстіміздегі жылдың қараша айында Астана қаласының Сарыарқа ауданы аймағында бір ауысымда 750 адамға медициналық қызмет көрсететін жаңа амбулаториялық-емханалық кешен пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы. Астана қаласы бүгінде әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан мегаполистердің бірінен саналады. Қалалық статистика департаментінің деректері бойынша, елордамыздың тұрғындары жыл сайын 40 мың адамға көбейіп отырады. Бұл дегеніңіз, бір жылда қала халқы Рудный, Кентау сияқты қалалардың халқына тең тұрғындармен толығады деген сөз. Сондықтан елордада соңғы жылдары емханалардың жетіспеушілігі ерекше өткір болып отыр. Астана қаласының әкімдігі бұл көкейкесті мәселені шешуде кешенді шаралар жүргізіп келеді.

Жоғарыда айтқанымыздай, алдағы уақытта Астана қала­сын­дағы Жамбыл, 2-Алматы және Сейфуллин атындағы көшелердің қиылысында бір ауысымда 500 ересек адамдарға және 250 балаларға медициналық қызмет көрсететін амбулаториялық-емхана кешені пайдалануға беріледі. Бұл емхана кешені Сарыарқа ауданының тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуді жақсартады. Жаңа емхана кешені бүгінгі өскелең талаптарға жауап беретін озық медициналық жабдықтармен жарақтандырылған. Бүгінде амбулаториялық-емханалық кешенді білімді де білікті кадрлармен толықтыру шаралары жүріп жатыр.

Нияз ЖЫЛҚЫБАЕВ.