Аймақтар • 16 Наурыз, 2020

Созақта түйе саны 11 мыңнан асты

391 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Созақ ауданында түйе шаруашылығын дамыту ісі жанданып келеді. Қазірдің өзінде аудандағы түйе саны 11 мыңнан асып отыр. Алдағы уақытта сүтті түйе санын 1600-ге арттырып, сүт көлемін 4 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда. Ол үшін өңірде арнайы бағдарлама түзілген. Түркістандағы «Colden Camеl» зауытымен бірлесіп жұмыс істеу бағытында ауданда 4 қожалықтың қорасына бір тонналық сүт қабылдау бекеттері орналастырылды.

Созақта түйе саны 11 мыңнан асты

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына орай ауданда түйе сүтін көптеп өндіріп, тиімді бағада саудалау мақсатындағы арнайы семинарлар өткізілуде. Сондай-ақ, аудан әкімі Салыхан Полатовтың бастамасымен ірілі-ұсақты түйе бағатын қожалықтарды біріктіру, асыл тұқымды сүтті мол көлемде беретін түйелерді сатып алу, сүт қабылдау бекеттерін ұйымдастыру мәселелері қарастырылуда. Қазіргі таңда аудандағы төрт ауылдық округте сүт қабылдау бекеттері орналастырылған. Соның бірі «Бағдат» шаруа қожалығында бүгінде 505 бас түйе бағылуда. Оның 276-сы ұрғашы. 4 мың гектар жайылымы бар қожалық биыл сауынды түйе санын 50-ге жеткізіп, тәулігіне 150 литр сүт өндіруді көздеп отыр.

«Жуырда бізге Түркістан қаласындағы түйе сүтін терең өңдейтін зауыттан өкілдер арнайы келіп, 1 тонналық сүт қабылдау қондырғысын орнатып кетті. Онда өзінің салқындатқышы, қозғап тұратын тетігі бар. Зауыт өкілдері бір литр түйе сүтін 1000 теңгеден сатып аламыз деп отыр. Енді бірер айда бізде 20-30 түйе сауыла бастаса, аптасына шамамен 300 литр түйе сүтін өндіре аламыз. Бұдан бөлек, көрші шаруа қожалықтарының да сүттерін қабылдап, шамамен аптасына 1 тонна сүтті зауытқа өткізе аламыз деп болжап отырмыз», – дейді «Бағдат» шаруа қожалығының жетекшісі Патима Нышанбаева.

 

 

Түркістан облысы