Турдың орталық ойыны «Тараз» – «Ордабасы» клубтары арасында өтті. Оңтүстік дербиінде футболшылар қақпаға бес гол соқты. Оның екеуі – автогол, екеуі пенальтиден соғылды. Бірінші таймда «Ордабасы» ойыншылары Симчевич пен Клещенко өз қақпасына гол соғып алды. Екінші тайм басында Абзал Таубай «Тараздың» үшінші голын қақпаға енгізсе, «Ордабасы» сапынан Абдуллай Диакате екі пенальтиді сәтті орындағанымен, командасын жеңілістен құтқарып қала алмады. Матчтың 68-минутында «Тараз» сапынан Михаил Мищенко алаңнан қуылды.
Сонымен қатар турдың сенсациясы Қостанайда тіркелді. Үйдегі ойынын уақытша Қостанайда өткізуге мәжбүр болған «Шахтер» Алматының «Қайратын» қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Матчтағы жалғыз голды «Қайраттың» бұрынғы ойыншысы Бауыржан Тұрысбек соқты. Ал ел чемпионы «Астана» жоғары лигаға оралған «Каспий» клубымен кездесіп, 3:2 есебімен басым түсті.
Екінші тур ойындарынан кейін Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына байланысты ішкі чемпионат бір айға тоқтағанын хабарлады. II тур нәтижелері: «Ертіс» – «Қызылжар» – 1:1, «Жетісу» – «Тобыл» – 0:0, «Оқжетпес» – «Қайсар» – 0:1, «Тараз» – «Ордабасы» – 3:2, «Шахтер» – «Қайрат» – 1:0, «Каспий» – «Астана» – 2:3.