«Біріншіден, барлық кәсіпорындар мен мекемелер қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндігі болса, қашықтықтан жұмыс істеу режіміне көшуге міндетті. Бұл Еңбек кодексінің 138-бабымен реттеледі. Мұндай кезде жұмыстың еңбекақысын төлеу тәртібі өзгермейді. Бұл жерде азамат өзінің жұмыс орнында емес, үйден жұмысты атқару мүмкіндігі болады. Еңбек кодексі бойынша оған жұмыс беруші тиісті жағдай жасауына міндетті және жалақысы ай сайынғы алып жүрген көлемде төленеді», деді Б.Нұрымбетов.
Сонымен қатар ол төтенше жағдайға қатысты жұмыс көлемі шектелетін болса, қандай шаралар атқарылатынын атап өтті.
«Екіншісі, егер жұмыс көлемі шектелетін болса, жұмыс берушілер өздерінің бұйрығымен қысқартылған жұмыс режіміне көшуге құқылы. Бұл дегеніміз, аптадағы жұмыс күндерінің саны азаюы мүмкін немесе бір күнде атқаратын жұмыс сағаты кемуі мүмкін. Бұл жағдайда жұмыс істеп жүрген азаматтар жалақысын сол атқарылған жұмыс уақытына алады. Мысалы, аптадағы жұмыс күні 5 күннен 3 күнге қысқаратын болса, 3 күндік жалақыны алады. Егер бір күнде 8 сағаттың орнына 4 сағат жұмыс істейтін болса, 4 сағаттың жалақысын алады. Бұл толық емес еңбек күні Еңбек кодексінің 70-бабымен реттеледі. Ал осы төтенше жағдайға қатысты өздерінің жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болған мекемелер мен ұйымдар Еңбек кодексінің 112-бабын назарға алуы керек. Олар мәжбүрлі жұмысты тоқтату режіміне көшуге міндетті. Бұл жерде жұмыс берушінің тарапынан жұмысшыларға кемінде елімізде бекітілген ең төменгі жалақыдан төмен емес жалақы төлеуі тиіс. Қазіргі уақытта елімізде төменгі жалақының мөлшері 42 500 теңге. Егер еңбек шартында, иә болмаса ұжымдық шартта бұл төменгі жалақыдан жоғары жалақы қарастырылған болса, онда сол жалақы төленеді. Бірақ ол ең төменгі жалақыдан кем болмауы керек.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы барлық жұмыс берушілерге балаларымен үйінде отыруға мәжбүр ата-аналарға ақылы демалыс беру туралы тапсырма берген болатын. Бұл тәртіп қалай іске асады? Бізде Еңбек кодексі бойынша кез келген жұмыс істеп жүрген азамат жылына бір мәрте ақылы еңбек демалысына шығуға мүмкіндігі бар. Ол үшін әр мекемеде кесте жасалады. Сол демалыс кесте бойынша немесе кестеден тыс берілуі мүмкін. Осы жағдайда, біз жұмыс берушілерден баласына қарауға мәжбүр болған жұмысшыларға жылына берілетін ақысы төленетін еңбек демалысын осы күндері беруді сұраймыз. Бұл жерде орташа жалақы төленетін болады», деді министр.