Аймақтар • 17 Наурыз, 2020

Түркістан облысында арнайы ситуациялық орталық құрылды

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы әкімдігі тарапынан облыс аумағында инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша барлық қажетті медициналық, профилактикалық және ұйымдастыру шаралары қабылданды. Арнайы ситуациялық орталық құрылып, штаб өз жұмысын бастады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді. 

Түркістан облысында арнайы ситуациялық орталық құрылды

«Санитарлық қауіпсіздік шараларын күшейте отырып, ірі сауда орындарының жұмыс кестесі сағат 10:00 мен кешкі 18:00 аралығында болады. Нан-бөлке және кондитерлік өнімдер тек ораулы күйде сатылуы қажет. Киім-кешек базарлары сағат 11.00-17:00 аралығында жұмыс істейді. Дәмханалар мен мейрамханалардың жұмыс уақыты кешкі 22:00-ге дейін шектеліп, келушілер саны 50 адамнан аспауы қажет. Спорттық іс-шаралар көрерменсіз өтеді. Ауқымды отбасылық салтанатты іс-шаралар мен еске алу салттарын өткізуге тыйым салынады. Сауда орталықтары, кинотеатр, театр, көрме, фитнес-орталықтар мен жаттығу залдары, түнгі клубтар және адам көп жиналатын басқа да ойын-сауық орындарының қызметі тоқтатылады» деді Сәкен Амангелдіұлы.

Сонымен қатар облыста мектептен тыс қосымша білім беру нысандары, аула клубтары, үйірмелер, секциялар, компьютерлік клубтар жабылады. Қоғамдық орындар мен көліктерде санитарлық іс-шаралар тұрақты жүргізіледі. Барлық емдеу және медициналық-әлеуметтік мекемелер, қарттар мен мүгедектерге арналған интернаттар, балалар үйлеріне келуге тыйым салына отырып, карантинге жабылады.

Сондай-ақ брифингте облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев облыстық әкімдіктің ресми сайты жанынан ақпараттандыру парақшасы ашылғанын мәлім етті. Онда коронавирустан сақтану жолдары бойынша кеңестер, қолға алынған барлық шара және ресми ақпараттар салынатын болады. Сонымен қатар сауда орындарының жұмыс істеу кестелері жарияланады.

 

Түркістан облысы