Аймақтар • 17 Наурыз, 2020

Петропавлда күніне 200-ден артық полицей тәртіп күзетеді

222 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президенттің елде төтенше жағдай жариялауына байланысты Петропавл қаласының қоғамдық тәртіпті қадағалайтын полицейлері күшейтілген режімге ауыстырылды. Бұл туралы СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаев хабарлады.

Петропавлда күніне 200-ден артық полицей тәртіп күзетеді

«Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қазір нарядтардың жиілігі арттырылды. Бүгінгі таңда күн сайын 200-ден артық қызметкеріміз қоғамдық тәртіпті күзетуге шығады. Оның ішінде әскери қызметкерлер де бар» деді ол.

Төтенше жағдайдың бір қатаң талабы – азаматтардың қалтасында жеке басын куәландыратын құжаттарының болуы. Осы уақытқа дейін бұл іске салдыр-салақ қарап келген қала қонақтары қазір жаппай төлқұжат алуға көшуде. Өткен демалыс күндері ғана жүздеген адам миграциялық қызмет орталығына келіп, құжат жасатуға тапсырыс берген.

Елімізде эпидемияға қарсы жаппай күрес жүргізіліп жатқанда кейбір еріккен әлеуметтік желі қолданушылар коронавирустың таралуы жөнінде өтірік ақпарлар жазуда. Полиция өтірік ақпарат үшін кем дегенде бір мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатынын да тұрғындарға ескертуде. Өтіріктің жазасы, тіпті, бір жылға бас еркінен айыру да болуы мүмкін екендігі айтылып жатыр.

Жалпы, қалада тыныштық. Жұрттың дүрбелеңі мен үрейі жоқ.

 

ПЕТРОПАВЛ