Аймақтар • 17 Наурыз, 2020

Түркістан: Аудандарда кепілді әлеуметтік көмек беріле бастады

264 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек соңғы өзгерістер бойынша әр тоқсан сайын тағайындалып, тиісті көлемде беріліп келеді. Ал кепілдендірілген әлеуметтік топтама жуырда таратыла бастады. 

Түркістан: Аудандарда кепілді әлеуметтік көмек беріле бастады

Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің екі түрі бар, олар баланың жасына байланысты. Мәселен, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін азық-түлік тауарлары мен тұрмыстық химия тауарлары қарастырылған. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған азық-түлік жиынтығын балалар ай сайын алатын болады. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері мен оқу құралдарын сатып алу, жол жүру шығындарын өтеу, сондай-ақ тегін медициналық қызмет көрсету қарастырылған. Мектеп жасындағы балаларға әлеуметтік топтама оқу жылының соңына дейін мектеп тарапынан беріледі. Ал азық-түлік жиынтығы мен химиялық тауарлар бүгінде жергілікті атқарушы органдар арқылы үлестірілуде.  

Мысалы, Созақ ауданында аз қамтамасыз етілген отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік пакетке 929 баланың құқығы бар. Көмекті үлестіріп беру міндеті созақтық "Бен-строй-сервис" ЖШС-іне жүктеліпті. Олар отандық тауарөндіруші компаниялармен келісімшартқа отырып, аталған көмекті дер кезінде үлестіруде. Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Абдуахат Бәкіровтің айтуынша, әлеуметтік көмек алатын 1074 отбасы бар. Сол отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 929 баланы азық-түлік пен гигиена құралдарымен қамтамасыз ету үшін 86 млн теңге қаралған.

Ал Мақтаарал ауданында 2020 жылдың І тоқсанында 1859 отбасыға АӘК тағайындалған. Осы отбасылардан шыққан 1-6 жас аралығындағы 1843 балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер таратылуда. Сондай-ақ 6-18 жас аралығындағы 3 мыңнан аса бала мектепте ыстық тамақпен қамтылатын болады. 

 

Түркістан облысы