23 Тамыз, 2013

Сиырлар да Моцартты... тыңдайды!

362 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаңақала деген ауылдағы Қайрат Тұрлыбаевтың немістердің технологиясымен мал өсіріп, мал басын көбейтіп жатқан шаруашылығы жайлы естіп жүрген едік. Ал, өзі жалпы, канадалықтар мен немістеріңіз мал өсіріп, бағудан тіпті мал-жанды қазақтардан асып түскендей. Енді міне, заманың түлкі болса, тазы болып шал деген, алыстағы елдің мал өсіріп, сүт сауған тәжірибелері біздің ауылдарға да келіп жетті. Малды жайылымға жібермей-ақ, кешендер ішінде ұстап, компьютермен бағып, басқарып, тонналап сүт сауып аласың. Бұл сүттен мол өнім, пайда табамын деген шаруашылық иесі ауылшаруашылық өндірісінде жаңа серпіліс жасай алады деген сөз.         

 

Жаңақала деген ауылдағы Қайрат Тұрлыбаевтың немістердің технологиясымен мал өсіріп, мал басын көбейтіп жатқан шаруашылығы жайлы естіп жүрген едік. Ал, өзі жалпы, канадалықтар мен немістеріңіз мал өсіріп, бағудан тіпті мал-жанды қазақтардан асып түскендей. Енді міне, заманың түлкі болса, тазы болып шал деген, алыстағы елдің мал өсіріп, сүт сауған тәжірибелері біздің ауылдарға да келіп жетті. Малды жайылымға жібермей-ақ, кешендер ішінде ұстап, компьютермен бағып, басқарып, тонналап сүт сауып аласың. Бұл сүттен мол өнім, пайда табамын деген шаруашылық иесі ауылшаруашылық өндірісінде жаңа серпіліс жасай алады деген сөз.         

Қазір құрғақ сүтті пайдалану денсаулыққа зиян болғандықтан оны шығаруды заңмен тоқтату мәселесі қаралуда. Тек Тұрлыбаевтың ғана емес, соңғы жылдары облыстың басқа да шаруашылықтары шетелдік осы тиімді әдіс-тәсілдерді өз шаруашылықтарына пайдалана бастады. Ауылдықтар үшін таңғаларлықтай көрінетін бұл тәжірибені облыстағы Успен ауданы Галицкое, Шарбақты ауданындағы Александр Поляков басқаратын, Павлодар ауданындағы «Маяк» шаруашылықтары осыдан оншақты жыл бұрын қолға алып, қазір тіпті, берік шаруашылық негізін қалап алды. Моцартты тыңдаса сүтті көп беретін, компьютермен бағылатын, кешен ішінде тұрып жайылым табатын жаңа заманның тап-таза сиырларын көріп мұндай да болады екен-ау деп ойлағанбыз. Енді, міне, Қайрат басқаратын шаруашылыққа келіп өз көзімізбен көріп тұрмыз. Ауылдың өзі орман шетінде орналасқандай көк шалғынды екен, айнала тамаша, жап-жасыл. Серіктестік жігіттері шөп шабу науқанына кірісіп кетіпті. Қаптаған шөмедегі жиналған шөптер қысқа дайындықтың қызу қарқынмен жүріп жатқанын көрсетіп тұр.

Өздеріңіз көріп тұрғандай, біз қазір симментал тұқымды 340 бас сиырға арналған кешен салып жатырмыз. Былтыр индустрияландыру бағдарламасы аясында 300 миллион теңге жеңілдетілген несие алдық, дейді серіктестік басшысы Қайрат Тұрлыбаев. Біз де құрылысы жүріп жатқан қос кешен ішін аралап көріп шықтық. Ауылдағы өндіріс орны, яғни өркениет талаптарына сай етіп кешенде мал бағып, сүт сауу одан пайда көру қолымыздан келеді екен. Малға азық жем-шөп алқаптарда, шөп мол, Ертіс өзенінің жағасындағы ауылдың мынадай табиғи шөбімен құнарланған, таза жерде күтімде тұрған сиырлар қайтіп асыл тұқымды болмасын. Және 20 миллион теңге тұратын құрал-жабдықтарды шаруашылық өз қаржысына сатып алыпты. Немістер сияқты мал өсірудің қыр-сырын білу үшін Германияға да барып қайтқан екен. Ал, жалпы, бұл жаңа инновациялық өндірістік кешен жобасының ерекшелігі – немістердің мал бағу тәсілі бойынша мал жылдың төрт мезгілінде кешенде бағылады. Уақытымен жем-шөп беріледі. Кешеннің қасында құрамажем цехы жұмыс жасап тұр. Цехта күніне 2,5 тонна жем дайындалады. Сауынды сиырға, жас төлге, бордақыланатын малдың әрқайсысына жеке-жеке рацион әзірленеді. Мысалы, сауылатын сиырға берілетін жемнің құрамында арпа, ал бұзауға кебек беріледі. Жемге бор, тұз қосылады. Бір литр сүт алу үшін 700 грамм жем жетеді. Жем дайындауға қажетті шикізат бар. Қастарындағы суармалы алқапта серіктестік жоңышқа, жүгері, тағы басқа бұршақ тұқымдас шөптер өсіреді. Жоңышқаны жылына үш рет шауып алады. Малға қажетті азықтың рационын Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университеттің ғалымы Тоқтар Бексейітов жасап беріпті. Жемді малға үлестіру автоматты жүйеге көшіріледі. Сауыншылар сиырларын компьютермен сауа алады. Қайрат өзгелер сияқты малды шетелден емес, көрші ауылдағы асыл тұқымды мал өсіретін «Луганск» серіктестігінен сатып алды. Шеттен келге н малға қарағанда, ауылдың табиғатына үйренген өз сиырларымыз өзімізге жақсы таныс қой. Шаруашылық құрылысын жүргізіп жатқан малға арналған алып екі кешенді аралап көрдік. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қажетті су құбырларын да жүргізіп қойыпты. Бұл күндері жайылымға шықпай кешенде бағылатын сиырларды іріктеу жұмысы жүргізілуде. Ал, 200 бас сиыр ашық далалық алаңда тұрады. Бұзаулар пластмассадан жасаған жылы күркеде тұрады. Кейін ашық алаңға шығады. Сүт тасығыш миксер-құрылғы бұзауларға қызмет көрсетеді. Әр бұзауға сүт құяды, жылы қалпын сақтайды.

Құрал-жабдықтар «Қаз­АгроҚаржы» АҚ-тың көмегімен сатып алынды. Екі кешен аралығында сиыр сауу алаңы жасалуда. Ал қыркүйек айында алып кешендер іске қосылады. Бұл күндері неміс компаниясының өкілдері құрал-жабдықтарды орнатуда. Кешен 340 сиырға арналған. Кешеннің төбесіндегі желдеткіш қыста жылумен, жазда салқын температурамен қамтамасыз етеді. Еденде бетон, яғни сиырдың тезегі автоматты түрде шайылып, жинақталады да, әрі қарай сыртқа егіске пайдаланылатын алқапқа төгіледі. Сауылатын сиырлар таңертең және кешкісін кешен ішіндегі екі жағы қоршалған жолдар арқылы сауу алаңына келіп тұра қалады. Әр сиырдың электронды «чип» тәрізді белгілері бар. Бұл белгідегі нөмір арқылы қандай сиыр қанша литр сүт беретіні көрініп тұрады. Сауыншының міндеті, желінді шайып, сауу құрылғысын құру ғана. Ал қалғаны компьютердің қолында. Еуропаша өмір сүру үрдісі мал екеш малға да жетті. Сөйтіп сүт құбыр арқылы ағып барып, арнайы орынға жинақталады. Кәсіпкердің айтуынша, таза құбыр боймен ағып келген сүттің сапасы жоғары болады екен. Ресейде ондай технологиямен өндірілген сүтті балалар тағамын дайындауға пайдаланатын көрінеді. Бағасы да жоғары Қайраттың айтуынша, жаңа технологияға адамнан бұрын малдың өзі тез үйреніп алыпты. Автоматты жүйенің арқасында 360 бас малды 2 сауын­шы сауады. Бір сиыр жылына 5000 литр сүт береді деп күтілуде. Немістердің технологиясы бойынша сиырдың сауылу уақытында Моцарт, Бах сынды классик композиторлардың туындыларын тыңдатады екен. Әуенге иіп, малдың өзі кәдімгідей елітіп, ғажап күй кешеді. Кешен іске қосылғанда өзіміздің әндерімізді де тыңдайтын құрылғылар орнатамыз, дейді Қайрат. Бұл сиырлар 5 жыл сауылады. Содан кейін барып, бордақыланып, етке жіберіледі. Сүт сауу процесін басқаратын оператордың қызмет орны, сауыншылардың киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелері бар. Жеке орналасқан, сыйымдылығы үлкен ыдыста жиналған сүт салқындатылып, сапалы күйде сақталады.

Жалпы, Қайрат Тұрлыбаев басқаратын «Жаңа қала» серіктестігі 1999 жылы құрылған күннен бастап, жай қарапайым шаруашылықты өндірістік инновациялық кешенге айналдыруды ойластыра бастапты. Бірге жұмыс жасайтын жолдасы Ермек Ауғанбайұлы екеуі Семейдің зоотехникалық институтын бітірген, ауылшаруашылық жұмыстарының қыр-сырын жақсы біледі. Алған білімдерін жаңа заман үрдісіне сай ізденіп, шетелге барып-көріп, енді міне, арада жылдар өткенде олардың армандарындағы өндірістік кешені де өмірге келді. Мол іс-тәжірибе және білім мен біліктіліктің, еңбектің маңдай тердің арқасында ауылды инновациялық өрлеу арқылы өркендету деген мақсатқа қол жеткізді.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».                  

Павлодар облысы,

Жаңақала ауылы.

Соңғы жаңалықтар