Аймақтар • 17 Наурыз, 2020

Түркістан: Cупермаркеттер мен өндірушілерге жылдық 0,01% мөлшерлемемен несие беріледі

220 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тиісті қорын қалыптастырып, бағасын тұрақтандыру мақсатында супермаркеттер мен өндірушілерге жылдық 0,01 пайыздық мөлшерлемемен бір жылға несие беріледі.

Түркістан: Cупермаркеттер мен өндірушілерге жылдық 0,01% мөлшерлемемен несие беріледі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Кәсіпкерлер әлеуметтік палатасының директоры Бағлан Жұмашбеков қорға қажетті тауарларды сатып алу бойынша 650 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылғанын хабарлады.

«Айналым қаражаты» жобасын жүзеге асыру аясында бірінші кезекте Түркістан, Кентау және Арыс қалалары әкімдіктері ұсынған 10 кәсіпкерлік субъектісіне несие беру мәселесі пысықталуда. Несие «Түркістан» ӘКК» АҚ депозитіне салынған қаражат есебінен беріледі» деді Бағлан Шәймерденұлы.

Бұдан бөлек Тұрақтандыру қоры 1 500 тонна шамасында азық-түлік тауарларын мемлекеттік сатып алуға тиісті конкурс жариялаған. «Түркістан» ӘКК» АҚ Түркістан қаласының әкімдігімен, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасымен, сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектімен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағаларын тұрақтандыру бойынша бірлескен қызмет туралы келісім жасаған. Осы келісім аясында тауарлар бағасының көтерілуін болдырмауға және азық-түлік тауарларымен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен шаралар кешені жоспарланған.