
Кеңгірбай би мен Шәкәрімге ескерткіш қойылды
Қарауылда дүбірлеп өткен «Шыңғыстау – 2013» халықаралық жәрмеңкесі мен Шәкәрім Құдайбердіұлының 155 жылдық мерейтойы аясында Кеңгірбай би мен Шәкәрімнің ескерткіші ашылды.

Кеңгірбай би мен Шәкәрімге ескерткіш қойылды
Қарауылда дүбірлеп өткен «Шыңғыстау – 2013» халықаралық жәрмеңкесі мен Шәкәрім Құдайбердіұлының 155 жылдық мерейтойы аясында Кеңгірбай би мен Шәкәрімнің ескерткіші ашылды.
Кеңгірбай Жандосұлы атындағы саябақ пен биге арналған ескерткіш «Туған жерге тағзым» акциясы шеңберінде аудан кәсіпкерлерінің күш қосуымен бой көтерді. Жобаның жалпы құны 4 млн. теңгені құрайды.
Қос ескерткіштің ашылуына да еліміздің түкпір-түкпірінен келген меймандар мен облыс басшылығы, аудан жұртшылығы қатысты. Салтанатты шарада «Нұрсана» мәдени салт-дәстүр орталығының ақ кимешекті әжелері шашу шашты.
– Қасиетті Қарауылдың абыройы аспандап, Шыңғыстауымыз шабытты күйге енді. Кеңгірбай би халық аузында даланың дара тұлғасы атанған адам. Бидің заманынан «Ел көсемі – Кеңгірбай, қолбасшысы – Мамай, кеңесшісі – Көмей» деген сөз қалған, – деді ауданды ұзақ жылдар басқарған ардагер ақсақал Хафиз Матаев.
«Би ата» кітабын жазған қаламгер Молдабек Жанболатұлы, өңірге белгілі ақын Төлеген Жанғалиұлы ел ардақтысына айналған тұлғаның өмір жолынан сыр шертті.
– Есімі ел ұранына айналған, 90 жас жасаған Кеңгірбай бабамыз билікке ерте араласып, 17 жасында Абылай ханнан би атағын алды. Ғұмырының соңына дейін елдің әділ биі, қамқоршысы, абыз ақсақалы болды. Ұлы Абайдың: «Кеңгірбай би ел басшысы болмаса, тобықты әркімге сіңіп, телім болып кетер еді» деген сөзі бар. Кеңгірбай би туралы Кеңес өкіметі кезінде айтылмады. Ол ұзақ уақыт би-сұлтанның бәрін халыққа қарсы қойған сыңаржақ саясаттың құрбаны болды. Жетпіс жылдай аруағы көтерілмей, еңбегі ұрпаққа жетпей жатты. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана төл тарихымызды зерттеп, ұрпаққа аманаттап жатқан жайымыз бар. Әйтпесе, әлі көмулі жатқан қазына болар еді. Би атамыздың ескерткішінің тұрғызылуы – егемендігіміздің табысы, салтанат құруы деп ойлаймыз, – деді ақын Төлеген Жанғалиев.
«Кеңгірбай-шежіре» кітабының авторы, би ұрпағы Совет Шаланов және Мәсен Сембаев, Кәдірбек Әпсәләмов сынды ақсақалдар ескерткішті қоюға үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, Қарауылда Шәкәрімнің ескерткіші де еңсе тіктеді. Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 155 жыл толуына орайластырылған ескерткіштің аумағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған алаң ретінде ашылды. Семейдегі Шәкәрім бейнесінің авторы, мүсінші Мұратбек Жанболатовтың шәкірті Ертіс Тәтиев жасаған Шәкәрім тұлғасы бүк түсіп отырған әже мен баланың ашыққан бейнесі бедерленген ашаршылық және тұғыртас үстіндегі қызыл большевизмнің ұртоқпағы іспетті түйілген жұдырық композициясымен, Хауа Бұланбаеваның хатынан үзінді келтірілген қасірет тақтасымен бірге орналасқан. Қара тақтада: «Бұл жерде 1931 жылы қыркүйек айында асыра сілтеу саясатына қарсы шыққан, тергеусіз, сотсыз атылып, құдыққа тасталған көтеріліс жетекшілерінің мүрдесі жатыр. Абай ауданы бойынша жазықсыз жазаланған арыстарға арнап алаң жасалса деген тілегім бар», деген ұлы нәубет куәгері Хауа Қыдышқызының аманат хатындағы сөздер ойып жазылған.
Атаулы шараға Шәкәрімнің немересі – Мереке Зиятұлы мен Лондонда Шәкәрім симфониясын жаздырған белгілі кәсіпкер, меценат Медғат Құлжанов та қатысты.
– Ұлы Абайдың ескерткіші – Өскеменде, Шәкәрімнің ескерткіші – Семейдің орталық саяжайында бой көтерді. Облыс орталығына хакімнің қойылуы оңай болмағаны бәрімізге белгілі. Мұның барлығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатымен жүзеге асырылып отыр. Осы игі іс Қарауылда жалғасты. Елімізде осындай мереке мен береке мол болсын! Ұлыларды ұлықтап жатқан облыс, аудан басшыларына ғұлама ақынның немересі ретінде алғысымды білдіремін, – деді Мереке Зиятұлы.
Меценат Медғат Құлжанов әр азаматтың туған еліне қолұшын беруі керектігін, осы орайда екі жыл бұрын Лондонда танымал сазгер Карл Дженкинспен кездесіп, Шәкәрімнің өлеңдері мен ноталарын табыстағанын жеткізді.
– Ұлыбритания патшайымы сарайының оркестрі мен хоры Шәкәрім нің әндерін қазақ тілінде орындағанда үш мың халық орындарынан тұрып, зор қошемет көрсетті. Шәкәрімді білмейтін көрермен концерттен кейін ақынның атын ауыздарынан тастамайтын болды. Енді Шәкәрім симфониясын елге жеткізуді ойластырып отырмыз. Алдағы уақытта Өскемен, Семей қалаларында тыңдарманға жетіп қалуы ықтимал. Оған Абай әндері де енеді. Абай-Шәкәрім әндерінен жазылған симфонияны қаңтар айында Нью-Йоркте, келесі жылы Ыстамбұлда қоямыз деп жоспарлап отырмыз. Өйткені, Абай мен Шәкәрім философиясы – адамзаттық философия. Біз дүние жүзіне ұлы тұлғаларымыздың үнін жеткізуіміз керек. Бұл – қазақ халқын да әлемге танытуға үлес қосады, – деді Медғат Құлжанов.
Сондай-ақ, Шәкәрім Құдайбердіұлының 155 жылдығына арналған жыр мүшәйрасына қатысуға 300-ге жуық жас ақындар өтініш білдіріпті. Қазылар алқасының мүшесі, «Абай» журналының редакторы Мұратбек Оспановтың айтуынша, облыс көлемінде өткен мүшәйраның ақтық сынына 18 ақын іріктеліп алынды. Бас жүлдені есімі жырсүйер қауымға жақсы таныс, жас ақын Азамат Тасқара еншіледі.
Сонымен қатар, Манарбек Таутанов атындағы қазақша күрестен республикалық турнир де аталған мерейтой аясында өтті. Дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері болған белгілі спорт қайраткері М. Таутановтың анасы Дәметкен Сіләлқызына құрмет көрсетіліп, өңірдегі спорттың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Қырғызстан мен еліміздің барлық облыстарынан келген тоқсанға жуық балуан белдескен сында абайлық Мереке Тұрашев түйе балуан атанып, темір тұлпарды тізгіндеді. Ал аламан бәйгеде катонқарағайлық Мәлік Мусиннің тұлпары дара шығып, көрерменді сүйсінтті.
Думан АНАШ,
журналист.
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы.