Тараздықтар Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына жиналып, көне шаһАрда бастау алған көгалдандыру жұмыстарына қатысты. Екі айлық жұмысқа қатысқандар арасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңестердің, жастар және волонтерлік ұйымдардың басшылары мен өкілдері болды. Өз сөзінде Б.Сапарбаев әркім өз ауласын, көшені, қаланы, ауданды таза ұстауға тырысуы керектігін, тек аумақты тазалау және ағаш отырғызумен шектелмей, отырғызылған жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстарын да жүйелі түрде жүргізіп отырудың дұрыс екенін жеткізді.
Қаланы көгалдандыру жұмыстары облыс әкімдігі ғимаратының және Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бой көтерген монумент маңында, «Әулие-ата» әуежайы аумағында, Тараз қаласындағы Е.Ниетқалиев, Ы.Сүлейменов атындағы және басқа да көшелер бойында жалғасын тапты. Бұл күні облыс орталығында 225 қайың көшеті, 2900 үйеңкі, 150 акация, 800 шаған ағашы, сондай-ақ бірнеше қарағай, магнолия көшеттері, жалпы алғанда төрт мыңнан астам ағаш отырғызылды. Екі айлық іс-шаралар мамыр айына дейін жалғасады. Бұл орайда қаланың орталық бөліктері, магистральды көшелер мен саябақтар, облыс орталығының шағын аудандары әртүрлі жауапты мекемелерге, кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысандарына арнайы бекітілген. Бүгінде мұндай жұмыстар облыстың барлық ауданында жүргізілуде.
Жамбыл облысы