Аймақтар • 18 Наурыз, 2020

Түркістан: Медициналық - әлеуметтік мекемелерде карантин режимі жарияланды

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы бойынша мектеп оқушыларының 5 сәуірге дейінгі демалыстары аяқталған соң, қажет болған жағдайда қашықтықтан оқыту үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мектепке дейінгі білім беру мекемелері штаттық негізде жұмыс істеуде. Балабақшаға баланы жіберу-жібермеу ата-ана еркіне қалдырылған. Интернат әкімшіліктеріне де арнайы міндеттер жүктелген. Балалар үйіне кіру-шығу қатаң бақыланатын болады.

Түркістан: Медициналық - әлеуметтік мекемелерде карантин режимі жарияланды

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев мәлімдеді. Сонымен қатар, брифингте облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының мендетін атқарушы Салтанат Жамалова облыс бойынша коронавирустық инфекциямен ауырған науқастар тіркелген жағдайда оларды жатқызу үшін инфекциялық стационарларда 100 төсек -орын дайындалғандығын жеткізді. «Коронавирустық инфекцияға ұқсас дерті бар науқастарды жатқызу, диагноздарын анықтау мақсатында 240 төсек - орынға провизорлық стационарлар қарастырылған. Барлығы - 340 орын. Одан бөлек, барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайындық жағдайына келтірілген. Қарым қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 505 орынға обсервациялық госпитальдар жоспарланған», деді Салтанат Әбдіқайымқызы. 

Ал Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асия Темірбаева басқармаға бағынысты мекемелерде карантиндік режим жарияланғанын айтты.  Өңірдегі 13 медициналық - әлеуметтік мекемелерде, оның ішінде  мүгедектер мен мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік көмек көрсететін орталықтары және оралмандарды бейімдеу орталығында 5068 қызмет алушы тіркелген. «Оларға 1 321  қызметкер қызмет көрсетуде. Қамқорлыққа алынғандар арасында коронавирустық инфекциясының жаппай таралу жағдайын болдырмау үшін барлық медициналық-әлеуметтік мекемелерде карантин  режимі  жарияланды», - деді Әсия Құралқызы.

 

Түркістан облысы