Аймақтар • 18 Наурыз, 2020

Меценат Молдасейітов коронавирус салдарымен күресуге 20 млн теңге аударды

457 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемді әбігерге салған коронавирус салдары қарапайым халыққа да, кәсіпкерлерге де қиындық туғызып отыр. Кәсіпкерлердің материалдық зардап шегіп жатқаны мәлім, дегенмен мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған, толық емес отбасылар көріп жатқан қиындықтармен салыстыруға келмес. Осы орайда шымкенттік кәсіпкерлер оларға қол ұшын созуды азаматтық парызы санапты.

Меценат Молдасейітов коронавирус салдарымен күресуге 20 млн теңге аударды

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы Қайрат Молдасейітов бастамашы болып, палата жанынан қор ашылған.  Қорға «Otau Group» холдингі атынан 20 млн теңге аударылды. Айта кетелік, Қайрат Молдасейітов аталған холдинг президенті. Кәсіпкерлерді тұрмысы төмен отбасыларға көмектесуге үлгі көрсете отырып, шақырған меценат Молдасейітов жиналған қаржы Шымкент қалалық әкімдіктің әлеуметтік салаға жауапты мамандарымен ақылдаса отырып, мұқтаж азаматтарға үлестірілетінін мәлімдеді.

Сондай-ақ Шымкент қаласында ашылған жаңа «Otau med» клиникасының салынуына да кәсіпкер Қайрат Молдасейітов себепші болып отыр. Ақжайық шағын ауданындағы тұрғын үйлердің маңынан орын тепкен клиника көпшілікке қуаныш сыйлады. Енді шағын аудан тұрғындары денсаулығын тексеру немесе түзеу үшін алысқа шабылмай, осы емханаға жүгіне алады. Заман талабына сай жабдықталған көпсалалы емхана директоры Ақылжан Пазиловтың айтуына қарағанда, науқастар амбулаторлық-емханалық көмектің барлық түрін ала алады. Клиникада цифрлық жүйеде жұмыс істеуге баса назар аударылған. Науқастар медициналық орталыққа онлайн негізде жазыла алады. Сонымен қатар, электронды карта алған науқастар дәрігердің кестесін, талдау және зерттеу нәтижелерін онлайн түрде біледі. Яғни науқастар бұрынғыдай кабинет алдына сарыла кезек күтіп, жүйкелерін жұқартпайды.

«Болашақта емхана ТМККК шеңберінде 25 мың адамды тіркеп, бір ауысымда 300 адамға сапалы қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асырмақ» деді клиника директоры Ақылжан Пазилов.

фото

Осындай сапалы қызмет көрсететін клиниканың пайдалануға берілуіне мұрындық болған Қайрат Құсейінұлы әрқашан жомарттығымен, дархан пейілімен ел ықыласына бөленіп жүрген жан. Кезінде Арыста болған апатты жағдайдан кейін өңірдегі кәсіпкерлер арасынан алғашқы болып Қайрат Молдасейітов зардап шеккендерге көмектесу мақсатында өз қалтасынан 10 млн теңге бөліп, өзгелерге үлгі көрсеткен болатын. Клиниканың ашылу рәсімінде қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимирхан Варзилов кәсіпкерге алғысын білдірді. «Otau Group» компаниясы жеке инвестор ретінде осы шағын ауданда клиника салды. Қазір жеке инвесторлар осындай заманауи клиникаларды салып, өздері жабдықтап, денсаулық сақтау басқармасына нақты ұсыныспен шыға алады. Бұл өз кезегінде мемлекет қаржысын үнемдеуге, оны тиімді жұмсауға зор үлесін қосады. Алдағы уақытта осындай клиникалар саны көбейеді деп сенеміз» деді Т. Варзилов. 

Клиниканың ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр лентаны қиып, медициналық мекеменің жұмысына сәттілік тіледі. 

 

ШЫМКЕНТ