Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
«Жалпы, Елбасы аса маңызды мәселе қозғалардың алдында Үндеу жариялайды. Кешегі Үндеуін тарихи сәт деп сипаттады. Несімен тарихи сәт деп ойлайсыз?» дегеніне орай: «Расында да, біз тарихи сәт деген ұғымды жиі қолданып жіберетініміз бар, кейде ол орынды болады, кейде артықтау болады. Ал осы күндер, осы тәуліктер шын мәнінде Қазақстанның арғы-бергі тарихындағы аса маңызды тарихи сәт. Өйткені кеше, 2019 жылдың 19 наурызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өкілеттілігін тоқтататынын жария етті. Бүгін тағы да бір үлкен оқиға болмақшы. Конституцияға сәйкес Елбасы өкілеттігін тоқтатуына байланысты Президент қызметіне кірісетін Қасым-Жомарт Тоқаев ант қабылдамақшы. Мұның бәрі тарихи сәттер», деппіз. Иә, 2019 жылдың 19 наурызы ел тарихының ерен белесі еді.
Телеарнадан сол сұхбат берілген күні Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға сәйкес Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы ретінде ант қабылдап, Президент қызметіне кірісті, Қазақстанның болашақтағы бейнесі жайында, ел туралы, Елбасы туралы кеңінен толғап сөз сөйледі. Ол күні Қазақ елі тағы бір биікке көтерілді. Елдіктің есеюінің кезекті салтанатына куә болдық. Елбасы туралы сөз Елбасының өзінен бұрын елдің өзіне көбірек керек еді. Сол сөз айтылды. Көптің көңілі орнына түсірілді. Саясаттағы сабақтастықтың сақталатыны, алда да алға ұмтылатынымыз ұтымды түсіндірілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінде айтылған бағалардан кейін Елбасы еңбегіне байланысты пікір қосу қиындап та қалған еді. Дегенмен, жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыту – парасат парызы. Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлғалар тобынан табылатыны талас тудырмайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттегі сөзінен кейін мұны тағы да тереңірек тани түстік.
Көп ұзамай елдің жаңа басшысы Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін жария етті. Бұл да әбден орынды қадам болды. Демін ішіне алып отырған халықтың көңілін күпті ете бермеу, жан-жақтан жанар қадаған сырт көзді сабасына түсіру керек еді. Оның жалғыз жолы, сенімді жолы Президент сайлауын кезектен тыс өткізу екенін жұрттың бәрі де біліп отырған еді. Бар мәселе сайлаудың қай кезге белгіленетініне ғана байланысты болатын. Ол жағдай да көп ұзамай айқындалды. Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлау 2019 жылғы 9 маусымда өтетіні ресми жария етілді. Бұл мәселені Мемлекет басшысы өз бетінше, жеке-дара шешкен жоқ. Елбасымен ақылдасты, Парламент палаталарының басшылығымен, Конституциялық Кеңеспен, саяси партиялар жетекшілерімен кеңесті. Сөйтіп барып, ел тағдырына қатысты шешім жөнінде бір тоқтамға келді. Қазақстан азаматтарына арнаған Мәлімдемесінде ел Президентін сайлауды неліктен кезектен тыс өткізу керектігін негіздеді. Айтқанының бәрі де көкейге қонды. Қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз ету, алға қарай сенімді жылжу, әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешу үшін бізге анықтық, айқындық, ашықтық керек еді. Оның үстіне әлемдегі ахуал да бұлтаң-бұлтаң етіп, халықаралық саясаттың ауа райы бұлыңғыр болып тұрғаны тағы бар. Ал бұл ел қауіпсіздігіне тікелей қатысты жай. Осындайда билік транзитінің уақытын созып алмау өте маңызды. Мәселенің басын тез ашып, мемлекетті дамытудың жаңа кезеңін бірден бастап кету жөн еді. Дәл сондай шешім қабылданды. Халықтың таңдауымен, елдің тікелей еркімен сайланған басшының өзі де, сөзі де салмақтырақ болатынын айтып жату артық. Жырғалып жүретін жағдай жоқ еді. Ұлы дала елінің ұлы межеге ұмтылған ұлан-ғайыр көші кідірмеуі керек болатын.
Президент сайлауының алдында «Хабар» арнасының «Ерекше көзқарас» бағдарламасында танымал журналист Зейін Әліпбектің: «Қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси белсенділігіне қандай баға бересіз? Мысалы, осы өкілеттікті атқара бастағаннан бергі уақытта өзін қалай көрсетті?» деген сұрағына: «Тоқаев 20 наурыздан бастап қана өзін көрсетті деп қарауға болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен Сыртқы істер министрінің орынбасары болып, шекараны шегендеу мәселесіне жауап берген күндерінен бастап, Сыртқы істер министрі ретінде елдің сыртқы саясатын айқындауға тікелей араласқан кезінен бастап, Үкімет басқарған кезінен бастап, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының орынбасары міндетін атқарған кезінен бастап, Сенат басқарған кезінен бастап елдік істерге араласып келе жатыр. Бұл кісі төтеннен килігіп, 20 наурыздан бастап билік ісіне араласып отырған жоқ. Содан бергі уақыттың өзінде көп нәрсе атқарып үлгерді. Бірақ мен қазір бұл мәселені талқыламауға тиіспін. Өйткені қазір Тоқаев туралы айту сайлауалды насихат болып кетеді», деп жауап қайтарған едік. Ол кезде түсінікті себептермен айта алмаған сөзімізді Nur Otan партиясының сайлауалды штабының мүшесі ретінде еліміздің бірқатар облыстарын аралаған кезде хал-қадерімізше жеткізуге тырыстық.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихындағы аса елеулі ісінің бірі өзі бастаған, елі қостаған ұлы шаруаны лайықты жалғастырушы ретінде саңлақ саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевты тамыршыдай тап басып танығаны, оны ұзақ жылдар бойы сан түрлі салаларда сынап, тәрбиелеп, уақыты келгенде мемлекет тізгінін қолға ұстатқаны деп білеміз. 2019 жылдың 9 маусымында өткен Президент сайлауы елдігіміздің, бірлігіміздің жарқын көрінісіне айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев айқын басымдықпен Мемлекет басшысы болып сайланды. Елбасының таңдауы мен елдің таңдауы бір жерден шықты. Мұның өзі әбден заңды, әбден орынды екенін содан бергі бір жылдайғы уақыт көрсетіп келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы қызметіне кіріскелі жасап жатқан жұмысының барлығы елді тазалыққа, тәрбиеге, тәртіпке шақыру болып отыр. Елде жетістік баршылық. Оларды көрмеу – көрмес түйені де көрместің кебін кию. Кемістік те жетерлік. Бәрін жасырмай айтып, жайып салып отырмыз. Иә, шешімін таппаған шаруа шаш-етектен. Оларды аз жылдың аясында шешіп тастау тіпті де мүмкін емес. Бірақ бағыт – берік. Біз қазір елімізде басталған оң өзгерістердің баянды боларына сенуіміз керек. Тоқаевтың төңірегіне топтасып, халық сөзіне құлақ асатын мемлекет құру жөніндегі талабын қолдап, елдегі жасалып жатқан жаңалықтардың жақсылыққа жеткізеріне сену дәл қазір өте маңызды. Арыстағы жарылыстан кейін де, Қордайдағы қақтығыстан кейін де елдігімізді, бірлігімізді, ірілігімізді танытып едік. Енді тағы бір сынақ алдымызға тартылды. Жер-жаһанға жайылып, жабысып жатқан коронавирус індеті тәуелсіздігіне отыз жыл да толмаған біз тұрмақ, экономикасы бізден әлдеқайда қуатты, медицина саласының инфрақұрылымы әлдеқайда мығым елдердің де талайының әптер-тәптерін шығарып жіберді. Дәл қазір әр адам өзі үшін, ата-анасы үшін, балалары үшін, немерелері үшін, өзінің елі үшін жауаптылық танытуға тиіс, қарапайым гигиеналық сауаттылық танытуға тиіс, тіпті ашық айтсақ – әрқайсымызға бір-ақ рет берілетін өмірдің қадірін білуге тиіс десек, мұнымыз қиын күндегі құйындатпа сөзге жатқызылмас. Ылайым, бұл бәлекет Қазақстанымызды жанап қана өтіп, індетті інінен шығармай тұншықтыруға қол жетіп, қуанатын күніміз тезірек келсін. Дабылдың дер кезінде қағылуы, Президенттің қатты қадағалауы, Үкіметтің үйлесімді ісі, салалық министрліктің кәсібилік сипаты апаттың алдын аларымызға үміттендіреді. Әйтсе де, жаман айтпай жақсы жоқ, «Е, ештеңе етпейді, Құдай сақтасын» деп қойып, бұрынғыдай алаңсыз, ашық-шашық жүре беретін, көрем дегенді көре беретін, барам дегенге бара беретін, шақырам дегенді шақыра салатын, шақырған жерге бара салатын, адам не істеп, не қоятынын өзі шешпейтін бе еді деп сандалма саясат соғатын кез емес бұл. Тастүйін жұмылатын, тәртіпке бағынатын, сақтанатын, қатты сақтанатын кез бұл. Тоқаев та Құдай сақтанғанды сақтайтынын еске салып отыр. Қазақы кеңбалақ қалпымызды қоя тұратын, жайбарақаттықты жоя тұратын, ширығатын, шымырығатын шақ шындап туды. Аранын аждаһадай ашқан коронавирусты көрші Қытай елі тәртіптің, тек темірдей тәртіптің арқасында ғана ауыздықтай алды. Тәртіпке бағынсақ, Президент Жарлығымен жарияланған төтенше жағдайдың тосын талабын терең түсінсек, сергек сезінсек, біз де солай ете аламыз. «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген батыр Бауыржан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің баршамызды, әрқайсымызды сын сағатта сыр бермеуге шақырып отыр. Солай боларына сенеміз. Осыдан бір жыл бұрын жария етілген саясат сабақтастығы дегеніміз де осы.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты