Билет құны қайтарыла ма?
Соңғы күндері қос қаланың вокзалдарында сеңдей соғылысқан жұрт көбейді. Қалаға кіру мен шығудың шектелуіне орай, жол жүру билеттерін өткізуге келген нөпір халықтың көкейіндегі сауал – «Билет құны қайтарыла ма?»
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жолаушылар билеттері үшін ақшаны толық көлемде (соңғы тәулікте ұстап қалусыз) қайтару туралы шешім қабылданды.
Кеше кассаларда билеттерді қайтару бойынша жүктеме айрықша жоғары болды. Бұл ретте кассалар қосымша қолма қол ақшамен қамтамасыз етілді. «Осы сияқты сирек жағдайда билет құны толық төленеді және жолаушы тиесілі ақшасын өзіне ыңғайлы кез келген уақытта, соның ішінде келесі күні де ала алады. Біз қазіргі қалыптасқан жағдайда жолаушыларымыздан билеттерді қайтаруды рәсімдеу барысына шыдамдылық танытуды және түсіністікпен қарауды сұраймыз. Ақша қаражатын толық көлемде қайтаруға кепілдік береміз» дейді компания басшылығы.
Сұрақтарды қайда жолдауға болады?
Қазақстандықтардың коронавирусты жұқтырғаны расталғаннан кейін халық арасында алаңдаушылық айтарлықтай өсті. Бұрын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Бірыңғай байланыс орталығына күніне шамамен 1500-2000 қоңырау түсетін болса, қазір күніне 6 мыңға дейін сауал қойылады.
1406 байланыс орталығының операторлары халыққа денсаулығын нығайту және ағзасын қорғау, күдікті симптомдар байқалғанда әрекеттер жасау бойынша кеңес беру дайындығынан өтті.
«Байланыс орталығы қажетті алдын алу шаралары және вирустан қорғану бойынша кеңес беру үшін жұмыс істейді. Операторлар сонымен бірге сырқаттанып қалған кезде қайда бару керектігін, қандай симптомдарға назар аудару қажеттігін, талдауларды (анализдерді) қайда тапсыруға болатынын түсіндіреді. Үкімет пен уәкілетті органдар қабылдап жатқан шаралар халықты қорғауға бағытталған. Алайда қоғамдық орындарға бару денсаулыққа қауіп төндіретінін саналы азаматтар түсінуі керек», делінген Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Еске сала кетейік, сұрақтарды 1406 операторларына Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы да жолдауға болады. Жолданымға тіркеу нөмірі беріледі, содан кейін сіз өзіңіздің жеке кабинетіңізде оның мәртебесін тексере аласыз.
Шетелден азық-түлік тауары келе ме?
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті халық тұтынатын әлеуметтік маңызы бар импортталатын азық-түліктерге «жасыл дәліз» орнатты. Бұл шаралар ел арасында бірінші кезекте тұтынатын тауарлар тапшылығын тудырмау үшін жасалуда.
Комитет дерегінше, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанға жалпы құны 554,6 млн долларды құрайтын 872 мың тонна тауар кіргізілген. Атап айтқанда, қант – 165 мың тонна, құс еті – 148 мың тонна, пияз – 133 мың тонна, сүт – 118 мың тонна, орамжапырақ – 85 мың тонна және 78 мың тонна сәбіз сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарына жатқызылған 19 түрлі тауар импортталған.
Қазіргі таңда алғашқы қажеттілік тауарларын тасымалдайтын негізгі компанияларға кедендік тексеріс, сараптама, және тауардың құнын кедендік бақылау сияқты шаралар қолданылмайды. Сондай-ақ қазір шекарада өзге санаттағы бизнес субъектілеріне әкімшілік жүктемелерді азайту үшін «қызыл және сары дәліздердің» жұмысы қысқартылған.