Коронавирус • 19 Наурыз, 2020

Әлемдегі ахуалға шолу: Иранда 103 жастағы қария індеттен айықты

812 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл топтамада әлемнің 157 елінде тараған індетке қатысты соңғы жаңалықтармен бөлісетін боламыз.

19 наурызда Johns Hopkins University (JHU) ұсынған мәлімет бойынша вирус жұқтырғандар саны - 222 642, өлім саны - 9115, айыққандар саны - 84 506 адам болды (жаңартылған уақыты 18:49).

18:04

Иранда 103 жастағы қария індеттен айықты

Иран қалаларының бірінде коронавирус жұқтырған 103 жастағы әже ауруханадан емделіп шыққан. Бұл туралы елдегі IRNA ақпараттық агенттігі хабарлады.

Дертке шалдыққан егде жастағы науқас Семнан қаласындағы емханаға бір апта бұрын түскен. Ол - елдегі ауруды жеңген екінші қария. Осыған дейін Иранның оңтүстігіндегі Керман қаласында 91 жастағы тағы бір науқастың дерттен жазылғаны хабарланған еді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сенсек, індеттен қаза болатындардың көбісі 80 жастан асқан егде жастағы денсаулығы нашар адамдар.

Қазір елде 18 407 жағдай тіркелген, 1284 адам дерттен көз жұмса, 5710-ы вирусты жеңіп шыққан. 


17:38

Еуроодақтың Brexit бойынша бас келіссөзшісі вирус жұқтырған

Еуроодақтың Brexit бойынша бас келіссөзшісі, француз саясаткері Мишель Барнье коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді.

Өз туитінде (tweet) жағдайы жақсы екенін және жақындарымен барлық шараларды орындап жатқанын айтқан.

щ


16:51 

Еуропада интернетке сұраныс 50% өсті

Vodafone телекоммуникация компаниясының мәліметіне сүйенсек, Еуропа елдерінде интернетке сұраныс 50% өскен.

Бірқатар елде жарияланған карантин кезінде үйінен жұмыс істейтін адамдар саны өсіп, Netflix секілді медиа платформаларға жазылушылар көбейген.

Ал балалар онлайн оқу материалдарымен қатар, виртуалды ойындар, фильм мен телевизор көре бастаған.

Компания өкілдері бұл көрсеткіштің өсетінін болжап отыр.

Еуропа Одағының өнеркәсіп басшысы Тьерри Бретон стримингтік плаформа, телекоммуникация компаниялары мен желі қолданушыларын Интернеттің дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтірмеуге шақырды. Осы күндері желі қолданушылар саны күрт өскендіктен, Интернет жұмысында ақау бола ма деп алаңдап отыр.     


16:20

Пандемия көлік саласына кері әсер етуде - Toyota Group

Toyota компаниясының жетекшісі Акио Тоёда (Akido Toyoda) пандемияның көлік өндіру саласына кері әсерін тигізіп жатқанын айтады.

Ол әлемнің бір сәтте қаншалықты өзгеріске ұшырайтыны таңқаларлық құбылыс дейді. 

Toyota, Nissan Motor Co және Honda Motor Co Солтүстік Америкадағы бірнеше зауытын жұмысшыларды вирустан қорғау мақсатында уақытша жабу туралы шешімін жариялаған еді.

Сондай-ақ көлік өндірушілер басқа елдердегі де жұмыс процесін тоқтатуға мәжбүр.

0


 14:29

Ресейде коронавирустан қайтыс болған алғашқы жағдай тіркелді

Ресейде коронавирус жұқтырған 79 жастағы науқас қайтыс болды. Қазір елде 147 адамның вирус жұқтырғаны анықталған, олардың 8-і аурудан айыққан.


13:37

Қытай ел ішінде жаңа жағдай тіркелмегенін айтты

Вирустың ошағына айналған Қытай бүгін бейсенбіде ел ішінде бірінші рет жаңа жағдайдың тіркелмегенін мәлімдеді.

Есесіне, Қытайға сырттан вирус жұқтырып келген азаматтардың саны артқан.

Елдегі БАҚ-тың бірі таратқан мәліметке сәйкес, дертке шалдыққандардың көбі Иран мен Италиядан келген.

л


12:22

Лондон метро стансаларын жауып жатыр

Лондон қаласының транспортқа жауапты органы қалада бірқатар метро стансасының уақытша жабылатынын мәлімдеді.

Қазір елде 1644 коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелген, 72 адам індеттен қаза тауып, 67-сі емделіп шыққан.


11:15

Аустралия мен Жаңа Зеландия шекарасын жапты

Аустралия мен Жаңа Зеландия өзге ел азаматтары үшін шекараларын жабатынын жариялады.

Жаңа Зеландияда шешім бүгін бейсенбіде күшіне енеді. Аустралия бейсенбі күнгі сағат 9-дан бастап шекарасын жапты.


10:44

Қай елдер шекарасын жапты?

18 наурыздағы мәлімет бойынша, шекарасын толық жапқан елдер қатарында Норвегия, Германия, Испания, Польша, Латвия, Украина, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Аустралия, Малайзия, Египет, Сауд Арабиясы және Оңтүстік Американың кейбір елдері бар.

Ал АҚШ, Канада, Бразилия, Ресей, Индия, Түркия, Италия, Аустрия, Ауғанстан секілді елдер шекарасын жартылай жабу туралы шешімге келген.

қызыл - шекарасын толық жапқан елдер

сары - шекарасын жартылай жапқан елдер

о


10:36

Түркияда коронавирустан екінші адам қайтыс болды

Түркияда 61 жастағы ер адам коронавирустан көз жұмды. Бұл туралы Түркияның Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджа  Twitter парақшасында жазды.

Оның айтуынша, соңғы тәулікте Түркияда індет жұқтырудың 93 жаңа оқиғасы тіркелген. Жалпы вирус жұқтырғандар саны 191- ге жетті.


10:17

ДДСҰ індетпен күресуде 4 маңызды шараны атады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індетпен күресуде 4 маңызды шараны атады. Олар – оқшаулау, тест жүргізу, емдеу және жаңа науқастарды анықтау.

Осы басты төрт шара коронавирустың таралуын азайтып, жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Бұл туралы ДДСҰ басшысы Тедрос Гебреисус кеше өткен ұйымның брифингінде айтты.

Сондай-ақ ұйым серіктестерімен бірқатар елде зерттеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Зерттеу «ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ сынағы» деп аталған (SOLIDARITY trial).

Аргентина, Бахрейн, Канада, Франция, Иран, Норвегия, Оңтүстік Африка, Испания, Швейцария және Таиланд зерттеуге қосылуға келісім берген. Ұйым басшысы өзге де елдер ынтымақтастық білдіруге келісім беретініне сенім білдірді.

и

Сурет: Christopher Black/WHO Via Reuters


18 наурыздағы жағдай қысқаша:

• Әлемде індет жұқтырғандар саны 200 мыңнан асты

• Франция сейсенбіден бастап 15 күнге ел халқын үйінде отыруға шақырды

• Италия, Испания, Франция, енді Бельгия шекараларын жабу туралы шешімге келді

• Өзбекстанда індет жұқтырғандар саны 15-ке жетті

• Иранда жүргізілген зерттеу халықтың билік ұсынған шараларды ұстанбауы елде індеттен 3,5 млн адамның өліміне әкелетінін болжады

• Әзербайжанда 4 науқас емделді

• Түркияда коронавирустан қайтыс болған алғашқы жағдай тіркелді

• Қырғызстанда алғашқы үш жағдай тіркелді

а