Аймақтар • 19 Наурыз, 2020

Індетті індетпеудің амалдары

114 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов та тікелей эфир арқылы сөйлеп, коронавирусқа қарсы күрестің қалыпты жағдайда жүріп жатқанын айтып, халықты тыныштандырды. Оның айтуына қарағанда облыста азық-түлік қоры жеткілікті, маскалар мен антисептиктер шығару да қолдан келетін көрінеді.

Індетті індетпеудің амалдары

Cонымен бірге ол облыстағы індетке қарсы күрес ахуалының жай-күйін баяндап берді. Соның ішінде ЖОО-лар мен колледждердің онлайн оқу режіміне көшкендігі, балабақшаларға келмеген бөбектердің орындары сақталатындығы, көлік қозғалыстарындағы шектеулер және т.б. айтылды.

    - СҚО аумағынан 15 сәуірге дейін қазақстандықтардың сыртқа шығуына болмайды. Мұндай тәсілді Ресей Федерациясы да жасап отыр. Бірақ қолдарында тиісті құжаты болса шетелде емделуге баратын адамдарға рұқсат етіледі. Солтүстікқазақстандықтарды басқа өңірлерге бармауға шақырамын. Ауылдардан аудан орталығына және қалаға келмеуге кеңес беремін. Өңірде азық түлік қоры жеткілікті. Көп көлемде тауарлар алудың қажеттілігі жоқ», - деді Құмар Ақсақалов.

Сонымен бірге ол жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін естеріне салды. Жұмыс уақыттары шектелгенімен еңбекақылары төленуі талап етілетіндігі айтылды. Бизнесті қолдауға мемлекеттің 300 млрд теңге бағыттап отырғанын айта отырып, әкім импортты барынша қысқартып, бәрін өзіміз шығаруға міндетті екендігімізді еске салды. Салықтық жеңілдіктер де қарастырылып отырғаны жеткізілді.  

Қазір облыста коронавирус тіркелмеген. Шетелден келгендер карантинға жіберіледі. Санитарлы және дезинфекциялы шаралар күшейтілді. Өңірде кәсіпорындардың жұмысы маска шығаруға бейімделіп, өндіріс басталды. Тұрмыстық химия фабрикасы антибактериалды сабын шығара бастады. Оған қоса, дезинфекциялық заттарды шығару қолға алынды. 

Солтүстік Қазақстан облысы